Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Садырбайдың ұсталуы жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ
Марат Сұлтанғазиев Алмасбек Садырбайға қатысты айтылған мәліметтер тізімінде Алматы облысы да барын айтады. Сөзінше, субсидия беру тәртібін министрлік бекіткен.
– Мен ол сұраққа кірісіп, не себепті солай болды деп сұрадым. Ол жерде электронды түрде өтінім береді. Содан кейін оны толыққанды қанағаттандыру керек. Сондай ситуация болған. Мониторинг жұмысы кезінде шынымен де асыл тұқымды малдар өсіріліп жатыр ма, жоқ па, қаншалықты оған жетті ме, жетпеді ме – биылдан басталады ғой деймін. Нұсқаулыққа сондай өзгеріс енгізген. Субсидияның мағынасы – жай малды асыл тұқымды қылу. Ол әрине, бір жылдан кейін болмайды. Біраз жұмыс жүргізу керек. Соның салдарынан осындай ситуация пайда болған, – дейді ол.
Сұлтанғазиевтің айтуынша, іске қатысты адамдардың айыбы болса, қылмыстық жазаға тартылатынын айтады.
АЛМАСБЕК САДЫРБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Еске сала кетейік, 6 қарашада Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы А. Садырбайдың "аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкерелегенін" хабарлаған еді. Агенттіктің хабарлауынша, ол өзі басқаратын адамдар тобымен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында “жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды” деген күдікке ілінген. Ресми орган “1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланғаны” жөнінде ақпарат таратқан. Алмасбек Садырбайдың өзі ұсталған. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында отыр.
“ПРЕЗИДЕНТТЕН АРАША СҰРАЙМЫН”
Қаржы мониторингі ұсталғанын хабарламас бұрын Алмасбек Садырбай әлеуметтік желі арқылы араша сұраған.
– Маған қарсы заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Мақсат – мені қолға, қамаққа түсірмек. Құрметті, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев араласуларыңызды сұраймын. Өйткені, Алматы облысында әділетсіздік болып жатыр, – деген ол үндеуінде.
АЛМАСБЕК САДЫРБАЙ ЖАЙЛЫ
Агросалада Алмасбек Садырбай есімі белгілі адам. «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, ылғи қоғам назарында жүреді.
Ашық дереккөздерде оның Орталық Азия университетін "Экономика" мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Алмасбек Садырбаев Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап "Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбаев Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарып келеді.