Ақтаудағы бұрынғы президент резиденциясының орнынан үлкен спорттық-мәдени кешен салынатын болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақпарат көзінің хабарлауынша, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өңір тұрғындарымен өткен кездесуінде жерді болашақта пайдалану мәселесі көтеріліп, әкім алдағы жоспарларға тоқталған.
«Аумақ қаланың бас жоспарына енді. Қазіргі уақытта бекіту және мемлекеттік сараптамаға дайындау кезеңі жүріп жатыр. Жер телімі 2023 жылдың жазында мемлекет меншігіне қайтарылды. Ол кездегі учаскенің сметалық құны бір миллиард теңгеге жуықтаған», деді облыс әкімі.
«Самал» шағын ауданында орналасқан 225 гектар аумақта 10 мың орындық стадион, сондай-ақ үлкен мешіт пен ойын алаңдары салынады. Сонымен қатар жағалау аймағында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған нысандар қарастырылған.