Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына инвесторлар неге келгісі келмейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ
– Неге келмейтінін бизнесмендердің өзінен сұрау керек. Бір себебі – инфрақұрылым жетіспей жатыр. Екіншіден шетел инвесторларды қорғау жөнінде арнайы заң болғанымен, сенімсіздік бар. Бұрынғыдай бола ма? Тамыр-таныстықпен, прокуратурасы бар, басқасы бар – зорлық қылып, тартып алмай ма? Бизнесімізді тартып алмай ма? Несі керек? Бұрын болды ғой? Қорғас кімнің, қай отбасының ықпалында болғанын жақсы білесіздер. Сондықтан, біз соның бәрін тазалап жатырмыз, – дейді Исабаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Қорғастан ары “Достық” бар. Ол жақта көпфункционалды үш-төрт жоба жүзеге асырылып жатыр.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Қазақстан билігі Астанадан “Қорғас” орталығын басқару мүмкін емес екенін түсініп, Жетісу облысы әкімдігіне берген. Әкім “сәл шыдаңыздар, бәрін реттейміз” дейді.
ҚОРҒАСТАҒЫ ШУ
Жуырда Қазақстан азаматтары «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының (ШЫХО) билет кассасындағы жағдайға шағымданған. Әлеуметтік желіде жарияланған кадрлар қалыптасқан жағдайдың Қазақстан жағында болып жатқанын көрсеткен. Оқиға куәгерлері «Қорғас» аумағындағы халықтың көптігіне және азаматтық ұйымның жоқтығына шағымданған.