Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Alash.kz ұлттық порталына берген сұхбатында блогер Перизат Қайратқа қалай алданып қалғанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол Перизатты танитынын, белсенді болғаннан кейін көп ортада, жиындарда бірге жүретінін жеткізді.
“Менімен амандасып, сәлеміміз түзу болатын. Перизатпен де бір-екі жағдай болып қалды. «Aqyl Battle CUP» жобасы ашылып жатқан кезде жеңімпаздарды марапаттаған пост салдым. Сол кезде Перизат пост астына пікір жазды. Онда ол жеңімпазға менен бір сыйлық болсын деп Дубайға жолдама сыйлайтын болған”, дейді Мұқаев.
Бірақ Д.Мұқаев кейіннен оны таппай қалғанын жасырмады. Сыйлықтың жайын білейін деп Перизатқа хабарласқан кездерде, ол қолы тимей жатқанын, бір жерде жүргенін айтып, түрлі сылтаулармен уәдесін кейінге қалдыра берген.
“Сонымен Дубайға апарар жолдама жоқ болды”, дейді Дуәлет Мұқаев.
Еске сала кетсек, Перизат Қайраттың анасы «Қызына көмектескен» деген күдікке ілінді.
ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТТЫҢ ІСІ
Волонтер Перизат Қайрат «Көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырған» деген күдікпен ұсталып, тергеліп жатыр.
16 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайрат Палестинаға деп ақша жинап, тағы 200 млн теңге жымқырғанын растады.
Сондай-ақ Ulysmedia.kz ресми ашық дереккөздер арқылы Перизат Қайрат басқарған Biz Birgemiz қоры жайлы мәліметтерге үңіліп көріп, қордың бірнеше құрылтайшысы барын анықтады.
Перизатпен бірге «Amanat» партиясының да аты қатар аталып, ел ішінде түсініспеушіліктер пайда болды. Осыған байланысты «Amanat» партиясының басшылығы өздерін «Biz Birgemiz» қорының құрылтайшысы саналмайтынын мәлімдеді.