Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап, зардап шеккен. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министр өзінің Facebook парақшасында жазба жазып, елдің заңнамасын сақтау керектігін ескертті.
Сондай-ақ Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және олардың осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.
“Педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін.
Мемлекет басшысы педагогтердің қоғамдағы рөліне ерекше мән беріп, олардың құқықтарының «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында қатаң сақталуын әрдайым назарда ұстап келеді. Осы орайда білім басқармалары мен бөлім басшыларына заң талаптарын қатаң орындауға ерекше назар аударуды ескертемін”, деді министр.
Ғ.Бейсембаев мектеп мұғалімі Қуат Айтқалиевтің отбасына шынайы қолдау білдіре отырып, оның тезірек сауығуын тілейтінін жеткізді.
Қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын және бұл жағдай ерекше бақылауға алынғанын атап өтті.