×
523.86
544.34
5.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.86
544.34
5.11

Күлмеңіз, біз сізге Африкадағы абориген емеспіз – Жаңбыршин Air Astana басшысына ашуын төкті

Бүгін, 13:00
Күлмеңіз, біз сізге Африкадағы абориген емеспіз – Жаңбыршин Air Astana басшысына ашуын төкті
Ulysmedia коллажы

Көлік, жол мәселесі талқыланған мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин Эйр Астана басшысы Питер Фостерге ашуын төкті. Әуе компаниясын сынап сөйлеген кезінде Фостердің күлуі депутаттың ашуына тиген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ШАҢЫРАҚҚА ҚАРАҢЫЗ”

Депутаттың айтуынша, Эйр Астана “аспанның құдайы болып алған”. Билет уақыты жақындағанда бағасы көтеріліп кетеді. Жаңбыршиннің айтуынша, уақыт жақындағанда билет бағасы керісінше түсуі керек. 

– Оны тезірек өткізу керек қой. Бұлар керісінше жұмыс істейді. Эйр Астананың мәселесін дұрыстап майшаммен қарау керек. Фостер мырза, шаңыраққа қараңыз, мемлекеттің заңына бағыну керек. Мұсабаев екеуміз бір сағат кешіккенге айыппұл салатын норма енгіздік. Енді қызықты қараңыздар, мен ұшар алдында 2 тамызда Эйр Астана 12 сағатқа кешікті. Әлі күнге дейін ақшасын ала алмай жүрмін. Неге? Олар құйтырқы схема жасап қойған. Анаған кіріп, өтінім беріп, жауабын алып, ақша алу деген… Мен әдейі соңында жүрмін. Бәрібір мен алам соны. Алдында біреуін алдым, – дейді ол.

Жаңбыршиннің айтуынша, билеттің құнын қайтарған кезде компания “ештеңені жарияламауыңыз керек” деп шарт қояды.

– Министр мырза (көлік министрі Марат Қарабаевқа қарата), тек Эйр Астана емес, бүкіл көлікте қайтаратын ақша, өтемақыны алуды жеңілдетіңіздер. Адамдар ақшасын оңай ала алуы керек. Олар өте қиын қылып қойған. Көрінген адам кіріп, өтінішті жазу өте қиын. Тек компьютерді білетін, соңында ерінбей жүретін адам ғана оны қайтара алады. Кері байланыс қайда? Министрлік осыны қолға алыңыздар! 

Эйр Астананың бүкіл мультимедиасы басқа тілде. Мемлекеттік тілде контент өте аз. Оны бірнеше рет айттық. Ол да үлкен мәселе. Біздің өзіміздің компаниямыз дейміз. Бірақ неге ол мемлекеттік тілге басымдық бермейді, – деді ол.

Депутат Фостердің Парламентке бірінші рет келіп отырғанын есіне салды. Депутат оған қарата сөз айтқанда компания басшысы езуін тартқан. Осы жағдай Жаңбыршиннің ашуына тиіп кетсе керек.

– Сізге бір рет қана сұрақ қойылды. Бірақ сіз Қазақстанға келгеннен кейін бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғауыңыз керек. Қазақстанның заңын сыйлауыңыз керек. Ақшаны бәріміз жақсы көретін шығармыз, бірақ сіз пайда көреміз деп, билет бағасын көтере бермеңіз. Билет бағасы 60 мың теңгеден 120 мың теңгеге кетіп қалады. Ережелердің бәрін оңай қылыңыздар. 

Сіз күлмеңіз. Сіз бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге Африкадағы абориген емеспіз. Ештеңені түсінбейтін! Ойнамаңыз, бізді күліп менсінбей. Бұл Парламент! Осы жерде отырғандардың бәрі – халық сайлаған адамдар, – деді ол.

Отырыс жалғасып жатыр.