×
515.89
536.32
5.17
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
515.89
536.32
5.17

Қазақстанға биыл қанша қандас оралды

24.12.2024, 10:33
Қазақстанға биыл қанша қандас оралды
Ulysmedia коллажы

Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері республикаға 1 146 400 мың этникалық қазақ оралған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

БИЫЛҒЫ ЕСЕП

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебі бойынша, 2024 жылы 18 035 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,4% – Қытайдан, 38,9% – Өзбекстаннан, 6%  – Моңғолиядан, 5,8% – Түрікменстаннан, 2,7% – Ресейден және 1,3% басқа елдерден келген.

Осы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,4%-ды және зейнеткерлер 9,5%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,5%-ы жоғары білімді, 25%-ы орта кәсіби білімді, 54,7%-ы жалпы орта білімді, және 2,8%-ының білімі жоқ.

ҚАНДАСТАР ҚАЙ ӨҢІРГЕ ҚОНЫСТАНДЫ

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 961 қандас қоныс аударды.

КӨШІП КЕЛГЕН ҚАНДАСТАРҒА ҚАНДАЙ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде көмек беріледі.

Жыл басынан бері 2 624 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 794 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтар мен қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді. Осы жылғы 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 2 449 адам сертификат алған.

БІР ТЕРЕЗЕ

Былтыр пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылған. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 22 666 өтініш  қабылданған.