25 желтоқсанға қараған түні Украина энергетикалық жүйесіне жасалған ауқымды соққыдан кейін елдің бірнеше аймағы жылусыз қалды. Бұл туралы Украинаны қалпына келтіру жөніндегі вице-премьер Алексей Кулеба хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, Харьков облысында 500 мың абонент (2677 үй), Днепропетровск облысында – Днепр қаласындағы 55 үй мен Зеленодольскідегі тағы 100 үй, ал Ивано-Франковск облысында – 81 тұрғын үй жылудан ажыратылды. Днепрде шабуыл салдарынан жылу электр станциясының жұмысшысы қаза тапты, деп жазды “Настоящее время” басылымы
Соққы Днепропетровск, Харьков, Донецк, Кировоград, Полтава және Ивано-Франковск облыстарын қамтыған.
"Соққының мақсаты – украиндарды жылусыз, сусыз және жарықсыз қалдыру. Ең ірі христиан мерекелерінің бірінде жасалған шабуыл ресейдің адамгершілікке деген құрметсіздігін көрсетеді. Олардың сенімі зорлық пен өлімге негізделген", – деп жазды Кулеба.
Ресей әскери күштерінің соққысынан кейін Украинада алдын ала электр қуатын өшіру шаралары басталды. "Суспiльне" басылымы Киевтің кей аудандарында жарық жоғалғанын хабарлады. ДТЭК украиналық жылу электр станцияларына соққы жасалып, жабдықтардың қатты зақымданғанын мәлімдеді.
Ресей армиясы Украинаға 184 зымыран мен "Шахед" ұшқышсыз ұшу аппаратын жіберген, олардың 113-і атып түсірілді. Ресей Қорғаныс министрлігі 25 желтоқсан таңында Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымның маңызды нысандарына жоғары дәлдіктегі ұзақ қашықтықты қару-жарақ және ұшқышсыз аппараттармен "жаппай соққы" жасалғанын хабарлады. Министрлік бұл энергетикалық нысандардың әскери-өнеркәсіп кешенінің жұмысын қамтамасыз ететінін алға тартты.