Ақтауда ұшақ апатынан опат болғандар жайлы тың мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЗА БОЛҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР
Ұшақта қаза болғандардың ішінде бұған дейін Қазақстанның бірнеше азаматы бар екені хабарланған болатын. Қазақстан азаматтарының ішіндегі біреуі Ақтау, біреуі Жаңаөзен тұрғыны екені белгілі болып отыр. Тағы екеуі Астана тұрғындары – белгілі нотариус пен оның ұлы.
Бүгін Ақтауда жолаушылар ұшағы апатына байланысты өткен баспасөз брифиңде вице-премьер Қанат Бозымбаев ұшақтың бортындағы ықтимал шабуыл іздері туралы ақпаратқа түсініктеме берді. Оның сөзінше, мәлімдеме жасауға әлі ерте.
ҰШАҚ АПАТЫ ТУРАЛЫ
25 желтоқсан күні Ақтауда Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан Әзербайжанның ұшағы апатқа ұшырады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқанын ресми мәлімдеді.
Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: Қазақстанның 6 азаматы, Әзербайжанның 42 азаматы, Қырғызстаннан 3, Ресейден 16 азамат бар.
ТЖМ апатқа ұшыраған ұшақтағы адам саны туралы түпкілікті ақпаратты жариялады. Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15 Әзірбайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы, 3 адамның азаматтығы анықталуда.
Ақтау маңында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланып, кинологтар іске кірісті.