Әзербайжан мен Ресей ұшақ апатына қатысты тергеу барысына тек бақылаушы бола алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Желтоқсанның 25-і күні Бакуден Грозныйға бағыт алған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағының апатын қай тарап тергеуге алатыны туралы ғаламторда мәселе туындады.
Әзербайжан мен Ресей ұшақ апатын тексеретін комиссияға ресми түрде қосылуды сұрады. Алайда Қазақстан тарапы бұған рұқсат етпеді. Олар тек бақылаушы ретінде ғана қатыса алады.
«Сол себепті барлық фактілер, қара жәшік және айғақтық заттар бізде болады»,деп мәлімдеді тергеу комиссиясының мүшесі.
Желтоқсанның 25-і күні Бакуден Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: 6 Қазақстан азаматы, 42 Әзірбайжан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы, 16 Ресей азаматы.
ТЖМ апатқа ұшыраған ұшақтағы адам саны туралы түпкілікті ақпаратты жариялады. Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15 Әзірбайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы, 3 адамның азаматтығы анықталуда.
Ақтау маңында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланып, кинологтар іске кірісті.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасының ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев және Қазақстан Республикасының ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ үкіметтік комиссия мүшелері ТЖ орнына келді. Сонымен қатар Әзірбайжан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-полковник Кямаладдин Фаттах оглы Гейдаров ТЖ орнында.