Ұлттық статистика бюросы танымал сервистің бірі – «Танымал есімдер» бөлімінің мүмкіндіктерін кеңейткенін хабарлады. Енді пайдаланушылар сәбилерге ең көп және аз қойылған есімдер туралы толыққанды ақпарат ала алады, деп жазады Ulysmedia.kz.
ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Бюроның баспасөз қызметі бұрын «Танымал есімдер» бөлімі тек белгілі бір жыл мен ай ішінде туған ұлдар мен қыздар арасындағы танымал 10 есім туралы ақпарат беріп келгенін атап өтті. Қазіргі уақытта кеңейтілген функционал арқасында пайдаланушылар аймен қатар, тоқсан, жарты жыл, жыл немесе нақты уақыт аралығын таңдай алады. Сондай-ақ пайдаланушылар енді туған сәбилерге қойылған ең танымал/сирек есімдері бойынша ТОП-50 тізімін ұлттар мен өңірлер бойынша қарай алады.
ТРЕНД
2024 жылы өткен жылмен салыстырғанда, ұлдар есімі арасында көп өзгеріс болмаған. Алғашқы ондықтан Нұрислам есімі шығып қалған. Ал соңғы 10 жыл (2014 жылдан бастап) бойы бірінші орында тұрған Алихан есімін Мұхаммед есімі ығыстырған.
2024 жылы қыздар арасында Мариям есімі тізімнен Амина есімін ығыстырып, алғашқы ондыққа енген.
“Қызмет функционалының кеңеюі арқасында пайдаланушылар танымал есімдердегі өзгерістерді зерттеп, трендтерді және Қазақстандағы есімдерді таңдау мәдени ерекшеліктерін талдай алады. Ұлттық статистика бюросы берілетін ақпараттың сапасын жақсарту және қызметтердің функционалын кеңейту бойынша жұмыстарын жалғастырады” делінген қабарламада.
ТАНЫМАЛ ЕСІМДЕР
Ulysmedia.kz тілшісі кеңейтілген қызметті пайдаланып, 2024 жылғы танымал есімдерге үңіліп керген.
Ұл балаға қойылған ең танымал есімдер көшін “Мұхаммед” бастайды. 2024 жылғы 1 қаңтар мен 27 желтоқсан аралығында 3571 ұл балаға осы есім қойылған. Екінші танымал есім –Айсұлтан (2785), үшіншісі – Мухаммад (2667). 10 жыл тойы тізімді бастаған Алихан (2665) төртінші сатыға түскен. Ондықта Омар, Алдияр, Амир, Алан Али, Хамза бар.
Қыз балалар арасында ең танымал есім – Айлин (5461). Одан кейінгі сатыда Медина (5318), Асылым (4935), Айша (4400), Томирис (3314), Аяла (2907), Айым (2818), Раяна (2746), Сафия (2715) жайғасқан. Ондықтықты 2708 қыз балаға берілген Мариям есімі түйіндейді.
Осы жылдағы танымал 50 есімге қарап, қазіргі ата-аналар діни мағынасы бар, араб, парсы тілдерінен енген, ашық буынды, қазақтың төл әріптері көп кездеспейтін есімдерді таңдайтынын байқауға болады.
Бір кездері ұл балалар арасында өте танымал болған Берік, Серік, Болат, Қайрат, Асқар, Арман, Нұрсұлтан есімдері, қыздарға жиі қойылған Айгүл, Айдана, Айнұр, Гүлнұр, Гүлжан, Айжан сияқты есімдер танымал 50-ліктің қатарына да енбеген.