Ресей Әзербайжандағы абырой-беделін жоғалту қаупі туды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz әзербайжандық Minval Politika басылымына сілтеме жасап.
“Бакудің Мәскеумен қарым-қатынасты үзу туралы шешім қабылдауы екіталай, бірақ ұшақ апаты екіжақты байланыстарға сөзсіз әсер етеді”, деді Minval Politika басылымының бас редакторы Эмиль Мұстафаев Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында.
Ол Ресей Әзербайжандағы беделінің соңғы сарқыншақтарын жоғалту қаупі бар екенін атап өтті.
«Тіпті бұған дейін Путинді қолдағандар да бүгін Ресей шындықты жасырып, қайғылы оқиғаның жауапкершілігінен жалтарған әрекеті үшін оған жиіркенішпен қарай бастады», деді Мұстафаев.
Журналист Ресейдің мұндай әрекеті Әзербайжан жұртшылығының наразылығын арттыратынын айтты.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазып жатыр.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады. Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.