БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) 2024 жыл соғыстар мен зорлық-зомбылықтың ортасында қалған балалар үшін ең қасіретті жылдардың бірі болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚПАРАТТЫҢ АНЫҚ-ҚАНЫҒЫ
ЮНИСЕФ қақтығыс аймақтарында тұратын немесе зорлық-зомбылық салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған балалар саны рекордтық деңгейге жеткенін айтты.
Осылайша, бүгінде 473 миллион бала – әлемдегі әрбір алтыншы баланың бірі – қақтығыс аймақтарында тұрады. Пайыздық қатынаста бұл 1990 жылдардағыдан екі есе дерлік көп. 2023 жылдың соңына қарай үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған балалар саны 47,2 миллионға жетті, ал Гаити, Ливан, Мьянма, Судан және Палестинада күшейген зорлық-зомбылық салдарынан бұл көрсеткіш 2024 жылы өсуін тоқтатар емес.
ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ОШАҒЫНДАҒЫ БАЛАЛАР
ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Кэтрин Рассел 2024 жыл соғыстан зардап шеккен балалар үшін ең қайғылы жылдардың бірі болғанын айтты.
«Қақтығыс аймағында өсіп келе жатқан баланың бейбіт өмір сүретін құрдастарына қарағанда, мектепке бара алмай, дұрыс тамақтанбау және панасыз қалу ықтималдығы жоғары. Бұл жаңа қалыпты жағдайға айналуы мүмкін емес. Біз балалардың соғыс жағдайында әрекетсіздік құрбаны болуына жол бере алмаймыз», - деді ол.
2023 жылы БҰҰ балалар құқықтарын өрескел бұзудың 32 990 фактісін тіркеді, бұл мониторингтің бүкіл тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды. 2024 жылға арналған деректер әлі түпкілікті емес, бірақ алдын ала болжам бойынша, қайғылы статистика тағы да арта түседі. Газада мыңдаған бала қаза тапты немесе жарақат алды, ал Украинада 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында 2023 жылмен салыстырғанда көп бала өлімі тіркелді.
Еске сала кетсек, бұған дейін 2023 жылдың 7 қазанынан бері Израильдің Газа секторында жасаған геноцидінің салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 43 712-ге, жараланғандар саны 103 258-ге жеткенін жазғанбыз.