Әзербайжанда Ресей азаматтарының уақытша тұру мерзімдеріне қатысты ережелер өзгерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Musavat.com сайтының жазуынша, тиісті қаулыға премьер-министр Әли Асадов қол қойған.
Қаулыға сәйкес, Ресей Федерациясының азаматтары мен Ресейде тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар Әзербайжан Республикасына визасыз тәртіпте келген жағдайда, елде бір күнтізбелік жыл ішінде 90 күннен артық бола алмайды.
Шешім 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін ел президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты Ресей Әзербайжан халқынан кешірім сұрап, өз кінәсін мойындап, өтемақы төлеуі керек деп мәлімдеген.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазған.