×
$
457.09
€
508.42
₽
5.67
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
457.09
€
508.42
₽
5.67

Қазақстандық азамат кондиционерсіз ұшақта қамап қойғаны үшін FlyArystan-нан өтемақы өндіріп алды

Бүгін, 16:01
Қазақстандық азамат кондиционерсіз ұшақта қамап қойғаны үшін FlyArystan-нан өтемақы өндіріп алды
Ulysmedia коллажы

Сот заңгер Абылай Бәйтеновтің FlyArystan әуе компаниясына қарсы талабын қанағаттандырды. Шілде айында оны және Шымкент – Алматы бағытындағы рейстің басқа жолаушыларын ауа температурасы +36 градус болған кезде кондиционері қосылмаған ұшақтың ішінде шамамен 45 минут ұстаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бәйтенов сот шешімі туралы Threads әлеуметтік желісінде жазды.

– Бірінші сатыдағы сот талап арыздағы уәждермен келісті. Әуе компаниясынан моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп алу туралы шешім шығарылды. Сонымен қатар жауапкер сот шығындарын толық көлемде өтейді. Енді апелляцияны күтемін, – деп жазды ол.

FlyArystan компаниясы қанша өтемақы төлейтіні әзірше белгісіз.

Рейсте не болған?

Бәйтенов 9 шілдедегі рейстен кейін сотқа жүгінген. Оның айтуынша, жолаушылар Шымкент әуежайында кешкі сағат бестер шамасында ұшаққа отырғызылған. Есіктер жабылғаннан кейін адамдар кондиционері қосылмаған салонда 45 минутқа жуық отырған.

Бәйтеновтің болжамынша, экипаж кондиционер жүйесін жөндеуге тырысқан, ал әуе компаниясы жолаушыларды автобуспен тасымалдауға және күту залына орналастыруға қосымша шығын жұмсағысы келмеген. Ақырында жолаушыларды ұшақтан қайта шығарып, терминалға өткізген. Олар онда тағы бір сағаттай уақыт өткізген.

– Жолаушылардың бірінің жағдайы нашарлап, оны есін жиғызуға тура келді, – деген еді ол.

Бәйтенов «Қазгидрометтен» де анықтама алған. Шымкент метеостанциясының мәліметінше, 9 шілде күні сағат 17:00-де ауа температурасы 36,2 градусқа, ал сағат 20:00-де 36 градусқа жеткен.

Сотта FlyArystan өкілдері компания тарапынан ешқандай заңбұзушылық болмағанын алға тартқан.

– Тасымалдаушының соттағы ұстанымы мынадай болды: ешқандай қорқынышты жағдай болған жоқ, ондай оқиғалар болып тұрады, заңбұзушылық жоқ, – деп жазған Байтенов.

Контекст

Бұған дейін Алматыда FlyArystan компаниясының бұрынғы үш менеджері сотталған. Олар әуе билеттерін сату кезінде айла жасап, бір миллиард теңгеден астам қаражат жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Ренат Әбілханов пен Еркін Исанов сегіз жарым жылға, ал Дәурен Еркенұлы тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылар кінәсін мойындамаған.