×
495.28
538.32
5.77
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.28
538.32
5.77

«Балаларым үшін». Мыңдаған түркмен әйелі кедейшілікке байланысты жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр

30.12.2024, 09:19
«Балаларым үшін». Мыңдаған түркмен әйелі кедейшілікке байланысты жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр
Фото: azathabar.com

Кедейшілік пен жұмыссыздық кейбір түрікмен әйелдерін отбасын асырау үшін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр етуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Азатлықтың түркмен қызметі бірнеше әйелдің оқиғасын баяндады.

38 жастағы әйел – отбасындағы жалғыз асыраушы. Төрт жыл бұрын ауыр қаржылық жағдай оны жезөкшелікке итермелеген.

«Балаларыма апталап ыстық тамақ әзірлеуге жағдайым жетпейтін кездер болды, мектеп құралдарын сатып алу туралы айтпаса да болады», – дейді Марал (жеке басын қорғау үшін есімі өзгертілген).

Марал – Түрікменстанда мыңдаған деп есептелетін жезөкшелердің бірі. Жалпы елдегі кедейшілік, жұмыссыздық және азық-түлік тапшылығы әйелдерді осындай қадамға баруға мәжбүр етуде.

Оңтүстік-шығыс Түрікменгала қаласының тұрғыны Марал күйеуінің Түркияға жұмысқа кеткенін және сол арқылы оған ақша жіберіп тұратынын айтқан. Бірақ кейіннен күйеуі ақша жіберуді тоқтатып, байланыссыз қалған.

Марал жергілікті жұмыспен қамту орталығына тіркелгенімен, жұмыс таба алмады. Ол маусымдық жұмыс ретінде мақта алқаптарында жұмыс істеген.

Бұл жұмыс ауыр әрі аз төленетін еді. Марал баспана жалдау ақысын әрең төлеп, отбасын тек нан мен шаймен асырағанын айтты.

«Маған көмектесетін ешкім болмады. Ата-анам қартайған, ал енемнің денсаулығы нашар болды. Мен бірнеше рет әлеуметтік қызметтерге көмек сұрадым, бірақ ешқандай қолдау ала алмадым», – деді Марал.

ПОЛИЦИЯ ТАРАПЫНАН ҚАНАУ

Түрікменстанда жезөкшелік қылмыстық жазаға тартылады. Бірінші рет ұсталғанда айыппұл салынады, ал екінші рет екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.

Тыйым мен негізінен мұсылман елдегі кең тараған айыптауларға қарамастан, жезөкшелік Түрікменстанда ұзақ жылдар бойы жалғасып келеді.

Жезөкшелер мен тұрғындардың айтуынша, соңғы жылдары өмір сүру құнының күрт өсуіне байланысты бұл қызмет кеңінен тараған.

Жас әйелдер негізінен клиенттерді барлар мен мейрамханалардан табады, қызмет құны 60-140 доллар аралығында. Егде әйелдер көбінесе трассалар мен жүк көліктері тұрақтарында жұмыс істейді, олардың қызмет ақысы 15-30 доллар шамасында.

Бұл жұмыс көптеген қауіптерді тудырады: жезөкшелер жыныстық жолмен берілетін ауруларды жұқтыруы, зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбаны болуы мүмкін.

«Кейбір клиенттер алдын ала келісілген төлемді төлеуден бас тартады. Кейбіреулері өте дөрекі болып, физикалық және сексуалдық зорлық көрсетеді, тіпті бізді ұрып-соғып жатады», – дейді Лебаптағы секс-жұмыскер.

Жезөкшелікпен айналысатындар құқық қорғау органдарын да қанау мен бопсалау үшін айыптайды.

Марый және Лебап велаяттарынан шыққан бірнеше секс-қызметкерлерінің айтуынша, полиция оларды жиі ұстап алып, мақта жинау немесе басқа ауылшаруашылық жұмыстарын істеуге мәжбүрлейді.

«Біз жергілікті полиция мен прокуратураның жоғары лауазымды тұлғалары тарапынан қысымға ұшыраймыз. Бізді бөлімшелерге апарып, айыппұл салмайтынын немесе қылмыстық қудалауға ұшыратпайтынын айтып, бірақ: “Қашан сұрасақ та бізге тегін қызмет көрсетуге келесіңдер” деп ескертеді. Кейде олар бізге қоңырау шалады, біз оларға тегін қызмет көрсетеміз», – дейді секс-жұмыскер.

Әйел шенеуніктердің аттарын айтқан жоқ.

Азаттық Марый және Лебап велаяттары мен Ашхабад билігіне түсініктеме сұрап жүгінгенімен, жауап ала алмаған.