Қос азаматтығы бар Астана қаласының тұрғыны 10 жыл бойы Қазақстан мен Ресейден зейнетақы алып келгені анықталды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Бұл туралы елорданың прокуратурасы хабарлады.
“Қазақстан мен Ресей Федерациясы мемлекеттерінің қос азаматтығы бар қала тұрғыны 10 жыл бойы екі мемлекеттің аумағында бір мезгілде зейнетақы төлемдерін алып отырған.
1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы Келісімге сәйкес, қатысушы мемлекеттер шегінде зейнеткер қоныс аударған кезде, егер сол түрдегі зейнетақы зейнеткердің жаңа тұрғылықты жері бойынша мемлекеттің заңнамасында көзделсе, бұрынғы тұрғылықты жері бойынша зейнетақы төлеу тоқтатылады.
Осылайша, зейнетақы төлемдерін Келісімге қатысушы екі мемлекетте бір мезгілде тағайындау мүмкін емес” делінген прокуратура хабарламасында.
Қала прокуратурасының актісі бойынша сот арқылы зейнетақы төлемдерін алушыдан 8,9 млн теңге мөлшерінде заңсыз алынған зейнетақы төлемдері өндірілген.
Бұған дейін ШҚО-да полицейлер қос азаматтығы бар 48 адамды анықтағаны хабарланған.
Оның алдында Абай облысында Ресей азаматтығын алған тұрғын Қазақстаннан шығарылған.
Қазақстан заңнамасы бойынша елде қос азаматтыққа жол берілмейді.