×
525.11
546.74
4.88
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
525.11
546.74
4.88

Калифорнияда ұшақ апаты болды: қаза тапқандар бар

03.01.2025, 13:28
Калифорнияда ұшақ апаты болды: қаза тапқандар бар
Видео кадры

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Фуллертон қаласында ұшақ апаты болды. Жеңіл ұшақ жергілікті аурухананың дәрілер сақталған қоймасына құлаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz avia.pro басылымына сілтеме жасап. 

Басылым мәліметінше, оқыс оқиға жергілікті әуежайға жақын жерде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ұшқыш қону кезінде ұшақты басқара алмай қалған. Осылайша ұшақ қоймаға соқтығысып, салдарынан өрт шығып кеткен. Қызыл жалын қоймаға қарай ұласып кеткен. 

ҚАЗА ТАПҚАНДАР БАР

Қайғылы оқиға салдарынан ұшқыш пен ұшақтағы жолаушы қаза тапқан. Одан бөлек, қоймадағы 18 қызметкер зардап шеккен. Оның 10-ы түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Қалғанына оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген.  

Оқиға орнына бірден жедел жәрдем мен құтқарушылар келіп, көмек көрсеткен. Өрт сөндірілгенімен қойманың біраз бөлігі жанып кеткен. Аурухана өкілдері қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Олардың сөзінше, бұл қойма өңірдегі емдеу мекемелерін қажет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырған орын еді. 

Ұшақтың не үшін апатқа ұшырағаны әзірге белгісіз. АҚШ федералдық авиация әкімшілігі мен Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі оқиғаға қатысты бірлесіп, тергеуді бастады.

Басылым мәліметінше, Калифорнияда жеңіл ұшақтардың қатысуымен ұшақ апаттары жиі болып тұратын көрінеді. 

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.

29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.

EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН

Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазған.

Ресей президенті өз бастамасымен Әлиевке қоңырау шалып, Әзербайжан басшысынан кешірім сұраған.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ АПАТ

Муанда (Сеулден 288 шақырым жерде) ұшақ апатынан екі адамды қоспағанда, борттағы барлық адам көз жұмғанын бұған дейін хабарлаған едік. Бортында Бангкоктың 181 жолаушы болған Jeju Air авиакомпаниясының ұшағы таңғы сағат 9:07-де Муан халықаралық әуежайына қонуға тырысып, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соқтығысқан. Әуелі кем дегенде 28 адам опат болып, тағы бірнеше адам жарақат алғаны хабарланған еді. Кейін жолаушылар борттағы адамдардың көбі дерлік аман қалмағаны белгілі болды.

Әуежай билігі ұшақ апат болған кезде шассидің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты пилот апаттық жағдайда қонуға тырысқанын хабарлайды. Бірақ ол әрекет сәтсіз аяқталған. Қоршауға соғылған ұшақ жарылып, өртеніп кеткен. Куәгерлер ұшақтың шассиі, мысалы, дөңгелегі дұрыс шықпай қалғанын көргенін айтады. Апатқа жайсыз ауа райы немесе құстармен соқтығысу себеп болуы мүмкін.