Ақмола облысында трассада 40 көлік жол апатына түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желіде оқиға орнынан видео тарады. Видеода ондаған көлік соқтығысып, бір-біріне “жабысып” қалғанын байқауға болады. Оқиға Астана - Щучинск тасжолында болған.
40 көлік жол апатына түскені туралы ақпаратты өңірдің Полиция департаменті растады.
Сағат 13:30-да Ақмола облысында Біржансал ауданының Қоғам ауылы мен Қаратал ауылы арасында ауа райының нашарлауына байланысты (боран, көру мүмкіндігінің шектелуі) бұрын 40-қа жуық көлік соқтығысқан. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы әзірге ақпарат жоқ. Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлады Полиция департаментінің өкілдері.
ҚАРАҒАНДЫДА 800 КӨЛІК ЖОЛДА ҚАЛДЫ
Қарағанды тасжолындағы жағдай да күрделі. Өңірде ауа райының нашарлауына байланысты шамамен 800 автокөлік жолда қалды. Бүгін Қарағанды облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты екі негізгі бағыт: Қарағанды – Астана және Қарағанды – Павлодар жолдары жабылды.
АВТОЖОЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ КҮРДЕЛІ
Күн сайын 10 мыңнан астам көлік өтетін республикалық маңызы бар Алматы – Екатеринбург автожолында күрделі жағдай қалыптасты. Теміртау қаласының маңындағы терминалда жолдардың жабылуына байланысты шамамен 800 автокөлік жиналып қалған.
Қарағанды облысының полицейлері жол жағдайын қалыпқа келтіру үшін барлық қажетті шараны жасап жатыр. Жақын арада автоколоннаға Ақмола облысының шекарасына дейінгі бағытта қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, ілесіп жүру ұйымдастырылады.
Қарағанды облысының полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын елді мекендерден тыс жерлерге аса қажеттіліксіз шықпауға шақырады. Жол жағдайы туралы өзекті ақпарат алу үшін 112 қызметінің хабарламаларын қадағалауға кеңес беріледі.