Дональд Трамптың инаугурациясына 10 күн қалғанда үкім шығатын болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы BBC жазды. Нью-Йорк штатының судьясы Хуан Мерчан, порножұлдыз Сторми Дэниэлске үндемегені үшін төленген ақшаны жасыру мақсатында есептерді бұрмалау ісі бойынша Дональд Трампқа қатысты сот процесін жүргізіп жатқан, АҚШ-тың жаңадан сайланған президентіне үкім 10 қаңтарда, инаугурацияға 10 күн қалғанда жарияланады деп шешті.
ТРАМПҚА ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚАРАСТЫРЫЛЫП ЖАТЫР
Судья Трампқа нақты түрме жазасын тағайындамайтынын ескертті және сотталушыға үкімді тыңдау кезінде жеке өзі немесе видео арқылы қатысуға рұқсат берді. Сондай-ақ, судьяның қаулысында Трампты жазадан толық босатуға және тіпті айыппұл немесе сынақ мерзімі сияқты жеңіл жаза қолданбауға ниетті екені көрсетілген.
30 мамырда алқабилер Трампты оған тағылған 34 айыптау бойынша бірауыздан кінәлі деп таныды. Алайда Трамп өз кінәсін мойындамады.
Судьяның Трампқа қандай жаза тағайындайтынын жариялайтын үкім бірнеше рет кейінге шегерілген. Трамптың қарашадағы президенттік сайлаудағы жеңісінен кейін оның адвокаттары президенттік иммунитет барын атап өтіп, істі тоқтатуды ұсынған еді.
Трамптың болашақ әкімшілігінде Ақ үйдің коммуникациялар директоры қызметін атқаратын Стивен Чунг судьяның бұл шешімін президенттік иммунитетке қол сұғу және Трамптың саяси қарсыластары ұйымдастырған «саяси қуғындау» деп баға берді.
ТРАМПҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛҒАН
Трамп 2016 жылғы президенттік сайлау қарсаңында порножұлдыз Сторми Дэниэлске 130 мың доллар төлегенін жасыруға тырысты деп айыпталған. Дэниэлс 2006 жылы Трамппен жыныстық қатынаста болғанын және Трамптың бұрынғы адвокаты Майкл Коэн осы туралы үндемеуі үшін оған ақша төлегенін мәлімдеген.
Бұл әртүрлі юрисдикциялардағы Трампқа қатысты бірнеше қылмыстық істердің ішінде үкімге жеткен әзірге жалғыз іс болмақ, дегенмен саясаткердің Нью-Йорк штатындағы соттарға апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар.