Жетісу облысында төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қар құрсауынан 11 адамды құтқарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгін Алакөл ауданында «Үшарал-Достық» тас жолында жолаушылары бар бес жеңіл көлік қар құрсауында қалып қойған.
Құтқарушылар "Трэкол" жол талғамайтын көлігімен жолдың күрделі бөлігіне шықты. Достық станциясына 11 жергілікті тұрғынның барлығы жеткізілді, оның ішінде 3 бала. Олар медициналық көмекке мұқтаж болмады. Сондай-ақ, құтқарушылар қосымша жабық учаскені аралап шықты.
ТЖМ сапарға шықпас бұрын автомобильдің техникалық жағдайын және ауа-райын мұқият қадағалауды еске салды.
ЖОЛ ЖАБЫЛАТЫНЫ ЕСКЕРТІЛДІ
Бүгін “ҚазАвтоЖол” Жетісу облысында көлік қозғалысын шектеу туралы ескерткен болатын.
4 қаңтарда сағат 09:30-дан бастап Жетісу облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты "Үшарал-Достық" автожолының 84-164 шақырым аралығында (Көктума стансасынан Достық ауылына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.
1403 байланыс орталығына хабарласып, тәулік бойы қосымша ақпарат алуға болады.