Аталған жағдайға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЖМ НЕ ДЕЙДІ
Министліктің хабарлауынша, бүгін таңғы сағат 06:00-де Семей қаласында Ертіс өзенінің жанындағы Бейбітшілік аралында жеңіл автокөлікпен жүргізуші бетон қоршауға соқтығысып, өзенге құлап кеткен. Апат кезінде салонда 4 адам болған. Жолаушылардың бірі көліктен өздігінен шығып, жағаға жүзіп шықты. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ.
– Оқиға туралы хабарлама келіп түскеннен кейін бірден оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері барып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап кетті. Сағат 09:00-де іздеу тобы бір қайтыс болған адамның денесін тауып, судан алып шықты. Ол одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция органдарына берілді. Қазір құтқару операциясына: 55 құтқарушы, 5 жүзу құралы, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты, су асты іздеуге арналған эхолот, 10 техника жұмылдырылған. Операцияны күшейту үшін қосымша Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімнен ҚР ТЖМ әскери қызметшілері тартылды, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысынан құтқару бөлімшелерінің келуі күтілуде, – дейді ТЖМ.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Семейде жарысқан көліктің бірі көпірден ұшып кеткенін бүгін әуелі ІІМ хабарлаған еді. Оқиға орнына жедел түрде полиция қызметкерлері мен құтқарушылар жіберілген. Полиция жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын еске салады, азаматтарды мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.