Валюта нарығындағы жағдай туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндірме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЕҢГЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ ӘЛСІРЕДІ
Молдабекованың айтуынша, 2025 жылы 5 қаңтарда теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 525,00 теңге деңгейінде ашылып, 1 АҚШ доллары үшін 525,00-528,00 теңге аралығында саудаланған. Кешегі сауда-саттық қорытындысы бойынша орташа сараланған бағам 1 АҚШ доллары үшін 526,30 теңге деңгейінде қалыптасып, 0,2%-ға әлсіреген.
Халықаралық қаржы нарықтары жабық болғандықтан, сауда-саттықтағы белсенділік төмен болып, оның көлемі небәрі 119,5 млн АҚШ долларын құрады. Салыстыру үшін: 2024 жылғы қаңтарда сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 172 млн доллар болған еді, ал 2024 жылғы желтоқсанда 254 млн долларға жетті. Нарық қатысушыларының сұранысы негізінен демалыс күндері жинақталған доллар бойынша қысқа позициямен қалыптасты, – дейді ол.
СЫРТҚЫ ФАКТОРЛАР
Молдабекова сыртқы факторлардан – күшейіп тұрған АҚШ доллары дамушы елдердегі басқа валюталар секілді теңгеге де қысым көрсетіп тұрғанын айтады. АҚШ долларының индексі 108 тармаққа жеткен – бұл екі жылдағы максимум. Осы жағдайдң өзі инвесторлар тарапынан америкалық валютаға қызығушылық артқанын көрсетеді, ал ол бүкіл әлемдегі ұлттық валюталардың позициясына теріс әсер етеді.
Тағы бір фактор – Ресей рублінің динамикасы. Оған нарық қатысушылары Қазақстанның сауда айналымындағы Ресейдің маңызды рөліне байланысты назар аударуға дағдыланған. Алайда ұзаққа созылатын мерекелік демалыс кезеңінде Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты бағамы төмен өтімділікпен бұрмалануы мүмкін екенін ескеру қажет дейді Молдабекова. Мұндай кезеңдерде құбылмалылық артуы мүмкін. Мәселен, 2025 жылғы 3 қаңтардағы жағдай бойынша бағам 1 АҚШ доллары үшін 110,6 рубльге дейін әлсіреген.
Сонымен қатар, теңгеге қарағанда, рубльге айрықша, соның ішінде санкциялық сипаттағы факторлар әсер етеді. Менің ойымша, қазіргі жағдайдағы Ресей рублінің динамикасы бағдар болмауға тиіс және ол нарықтың шамадан тыс реакциясына ықпал етуі мүмкін. Ал бұл жергілікті нарықта бағамның қалыптасуын бұрмалап, артық құбылмалылыққа әкеледі. Қазіргі уақытта біздің елдеріміздің нарықтары әртүрлі жағдайда жұмыс істейтіні анық. Сондықтан осы жағдайларда Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты күрт ауытқуы теңге/доллар айырбастау бағамында көрінбеуі керек, өйткені ол іргелі экономикалық шындыққа сәйкес келмейді, – дейді ол.
ҰЛТТЫҚ БАНК НЕ ІСТЕЙДІ
Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды үнемі қадағалап отырады.
Теңгеге іргелі факторларға негізделмеген негізсіз қысым күшейетін болса, Ұлттық Банк нарықта алтын-валюта резервтері есебінен валютаның қосымша ұсынысын қамтамасыз етуге дайын, – дейді Әлия Молдабекова.
ДОЛЛАРДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ
Былтыр 28 қарашадағы Қазақстанның айырбастау пункттерінде валюталардың орташа өлшенген бағамы белгілі болды. Доллар 525 теңгеге сатыла бастады. 18 қарашада Қазақстанның айырбастаушыларындағы доллар бағасы 500 теңгеден, ал 26 қарашада 503 теңгеден асқан еді.
Ұлттық банк осыған байланысты интервенция жүргізді.
Артынша Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.