Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан әзербайжандықтардың қарызы кешіріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әзербайжанның банктері мен банктік емес несие ұйымдары 25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауынан қаза тапқан азаматтардың несиелік міндеттемелерін есептен шығару туралы шешім қабылдады.
Шешім қаза болғандардың отбасыларына қолдау үшін қабылданған. Ұшақ апатынан зардап шеккендердің несиелік міндеттемелері банктер мен ББҰ-ның жеке қаражаты есебінен өтеледі.
ӘЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ
Әзербайжан президент Илхам Әлиев ұшақ апатынан қаза тапқан экипаждың отбасы мүшелерімен және тірі қалған бортсеріктермен кездескен.
Ол кездесуде "біз әділеттілікті, кінәлілерді жазалауды талап етеміз, толық ашықтық пен адами қарым-қатынасты талап етеміз" деген.
Әлиев қазір қара жәшіктерді декодтау процесі жүріп жатқанын айтқан.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
25 желтоқсанда апатқа ұшыраған әуе кемесінің қара жәшігі табылды. Ал 26 желтоқсанда Маңғыстау облысының көліктегі прокуроры Абылайбек Ордабаев ұшақ құлаған жерден тағы бір «қара жәшік» табылғанын айтты.