×
527.23
544.05
5.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
527.23
544.05
5.05

Астанадағы Байқоңыр ауданында 50-ден астам үйдің құжаты жоқ – депутат

Бүгін, 01:20
Астанадағы Байқоңыр ауданында 50-ден астам үйдің құжаты жоқ – депутат
Әлеуметтік желіден

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Астана қаласы, Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесіп, олардың мүшкүл халдегі баспана мәселесі туралы талап-арызын тыңдап қайтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Бұл туралы депутаттың өзі әлеуметтік желі арқылы хабарлады.

“Астанадағы ағайынның көрген күні осы болса аймақтағы адамдардың жағдайынан хабар ала беріңіз… Бүгін Астана қаласы Байқоңыр ауданындағы халықпен кездестім. Ғарыш айлағының атына қойылған аудандағы теміржол вокзалының артында тұрып жатқан жұрт бұл”, деп жазды депутат.


Нартай Сәрсенғалиев жанын шүберекке түйіп отырған елдің 3 талабын жеткізді. 

1. Іргетасы құйылмаған, қабырғасы қақыраған 80 көппәтерлі үй тұр. Оларда жалпы саны 300-ге тарта пәтер бар. Тұрғандар оны барак деп атайды. Әбден ескірген барактардың қабырғасы жерге кіріп кетіп жатыр, жағдайы суреттегідей. Өмірі үшін қорыққан ел бұл үйлерді тастап қашып жатыр.

  • Елдің талабы: бұл барактарды сүріп тастап қауіпсіз баспана берсін дейді. Әкімдік 2028 жылдың соңына дейін 20 баракты ғана сүреміз деген жоспарын айтыпты жұртқа. Ел наразы, түсінікті. Соңғы 2 жылда 10-нан астам пәтердің өртеніп кеткені және бар. Қабырға көгеріп құлап жатыр, пештеп қирап қалған. Халық әбден ашынып отыр.

2. Ауданда 50-ден астам үйдің құжаты жоқ. Үй де, жер де құжатсыз. Кезінде тігерге тұяғы жоқ халық жерді басып алып баспана тұрғызып алған. Енді құжатымызды жасасақ дейді. Әкімдік “үйлеріңді сүріп тастаймыз деп әлсін-әлсін трактор жібергені болмаса түк көмек бермейді” деп қапаланды ел. Бір нәрсені түсіну керек, ақшасы болса ағайын жерді заңсыз басып алып үй салар ма еді.

3. Байқоңыр ауданының біз барған бөлігінде мыңдаған адам тұрады. Елді-мекеннің қақ ортасынан темір жол өтеді. Ел теміржол жабылғанда 2 сағатқа дейін кептелісте тұратындарын айтып арызданды. Көлік өткелі түгел жаяу жүргіншілер өткелі жоқ. Ал ол жерден күніне ересектерді былай қойғанда жүздеген бала өтеді, сабаққа барады.

Тұрғандардың талап-арызын тыңдаған депутат бұл мәселені алдағы уақытта жергілікті әкімдікпен бірлесе шешетіндерін жеткізді.

“Мәселенің бәрін білдік, ресми арыз жазып ертең жұрт жібереді. Алдағы күндері қалалық және аудандық әкімдік өкілдерімен тұрғындарды жинап аталған проблемаларды ашық көрсетіп, жан-жақты талқылап, нақты шешу жолдары мен мерзімдерін анықтаймыз”, дейді Нартай Аралбайұлы.