Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері 9 жастағы қыздан "жынды шығарып" жатқандардың видеосын тексеріп жатыр, - деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЗӘКИЕВА НЕ ДЕЙДІ
Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты.
Емші кәмелетке толмаған балаға рәсім жасаған бейнежазбаға қатысты: аталмыш іс бойынша ІІМ, өңірлік уәкілдермен жұмыс істеп жатырмыз. Емшінің жеке басы мен баланың тұрып жатқан жері анықталды. Ақпарат тексеріліп, мән-жайы анықталып жатыр, - деді Зәкиева.
“ЖЫННЫҢ” ЖЫРЫ
Бұл мәселе туралы журналист Кенжекей Тоқтамұратқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Астанада отырып алып аймақтарды ауызбен дамытып жатқанда, Алматы облысында мынандай сұмдық болған! «Емші» тоғыз жастағы қыздың жынын шығарамын деп, аяқ-қолын байлап, өзінше әлгі «жынмен» сөйлесіп жатыр. Әрине, видеоны жаңалық қылып бере салып, ұмытуға болар еді. Бірақ, маған осы бүлдіршіннің күйі ұйқы берген жоқ: бұл қандай бала? Қай жері ауырады екен? Өте тұйық болды ма? Психологиясында ауытқуы бар ма екен? Отбасының жағдайы қандай? Баланы молдаға емес, дәрігерге неге апармайды?”, деп жазды журналист.
Әлеуметтік желіде тараған видео қызу талқыға түсті. Видеода жерде қолы байлаулы жатқан қызды екі адам ұстап тұрғанын көруге болады. Балаға 19 жастағы Ләззаттың "аруағы" кіріп кетіпті-міс.
Өзін емшімін деп атайтын Кейқуат Оспанов сұрақ қойып, оған бала емес, қыздың бойына кіріп алған "жын" жауап беріп жатқанына сенімді.