Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Диляра Қайдарова тоғыз жыл бойы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтын басқарғаннан кейін басқарма төрайымы қызметінен кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ҚЫЗМЕТ
14 қаңтар, сейсенбі күні ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов профессор Қайдарованың директорлар кеңесінің шешімімен С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің бірінші проректоры болып тағайындалғанын хабарлады.
‒ Оның онкологиялық қызметті дамытуға, жаһандық жобаларға, әлемнің жетекші ұйымдарымен, «Қазақстан халқына» қорымен әріптестік орнатуға қосқан зор үлесін ерекше атап өткім келеді. Нәтижесінде тек Қазақ онкология және радиология ҒЗИ ғана емес, елдегі бүкіл онкологиялық қызмет заманауи жабдықтармен қамтылып, қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістері енгізілді, – деді Марат Шоранов.
ҚАЙДАРОВАНЫҢ ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Диляра Қайдарова – 1990 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Алматы қалалық онкологиялық диспансерінің гинекология бөлімінде қатардағы онколог дәрігер ретінде бастаған. 2006 жылы Алматы онкологиялық орталығының директоры болып тағайындалып, бұл мекемені он жыл басқарды.
2016 жылдан 2025 жылғы қаңтарға дейін Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы болды. Сол жылы Қазақстан онкологтар қауымдастығының президенті қызметіне сайланды. 2016 жылдан бері С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың онкология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
Қайдарова Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне көшуін белсенді қолдаған тұлғалардың бірі ретінде танымал. Оның айтуынша, «табиғи уақытпен циркадтық ырғақтарды синхрондау онкологиялық аурулардың даму қаупін төмендетеді».
АЛАГӨЗАМЕН БАЙЛАНЫСЫ
2019 жылдың наурыз айының басында елдің бас онкологы Диляра Қайдарованың ұлы Алишер мен танымал тележүргізуші әрі продюсер Баян Алагөзованың қызы Айсәуле Алматыда үйлену тойларын өткізді.
Алишер Қайдаров – кәсіпкер, мейрамханаларға баға беруге арналған мобильді қосымша жасаумен айналысқан. 2018 жылы жаңалықтар сайтының тең құрылтайшысы атанды, алайда 2021 жылы сайт он күн бұғатталып, кейін сайттың басқа негізін қалаушылармен бірге жобадан кеткен.
Баян Алагөзова әлеуметтік желіде немерелерімен түскен суреттерін жиі бөлісіп тұрады. Қазіргі таңда Алишер мен Айсәуленің үш баласы бар, кенжесі 2024 жылдың қараша айында дүниеге келген.