×
529.7
545.96
5.17
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
529.7
545.96
5.17

«Бүйрегімді сатамын»: Қазақстанда өз ағзаңды қаншаға сатуға болады

«Бүйрегімді сатамын»: Қазақстанда өз ағзаңды қаншаға сатуға болады
Ulysmedia.kz коллажы

28 жастағы ақтөбелік, екі баланың әкесі 2024 жылы бүйрегін 9 миллион теңгеге сатпақ болғаны үшін сот алдында жауап береді. Бұл – елдегі жалғыз жағдай емес. Қазақстанда бүйрегін сатқысы келетіндер көп. Мұның басты себебі – қаржылық қиындықтар мен қарыздар. Демек, «адам денесі (егер дені сау болса) бөлшектеп сатсаң, шамамен 1 миллион доллар тұрады» деген әңгімелер – жай ғана аңыз емес. Адамдар бұл туралы тек айтып қоймай, оны жүзеге асыруға да тырысып жатыр. Алайда Қазақстанда өзін «ақшаға айналдыру» – өте қауіпті іс. Мұндай әрекетке баратындар үшін қылмыстық кодекстің «прейскуранты» бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ulysmedia.kz бүйректі сату қанша тұратынын және заң алдында қандай жауапкершілік барын анықтап көрді.

СТАТИСТИКА

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметінше, 2024 жылы қылмыстық кодексінің 116-бабы (адам органдары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу) бойынша 22 қылмыстық іс қозғалған. Оның алтауы топтық қылмыс ретінде тіркелген. Жәбірленушілер қатарында 21-29 жас аралығындағы екі адам бар, оның бірі – әйел. Сонымен қатар, жәбірленушілерге келтірілген залал сомасы 11 миллион теңге болған. 22 құқықбұзушының 13-і жұмыссыз.

БҮЙРЕК ҚАНШАДАН

Ашық дереккөздерге сәйкес, әлемдегі барлық трансплантацияның 75%-ы бүйрекке қатысты. Бүйректің нарықтағы бағасы шамамен 20-25 мың доллар. Ал оның өзі мен операция құны кей елдерде 50-75 мың долларға дейін жетеді. Екінші орында – бауыр. Мысалы, Үндістанда тірі донордан бауыр бөлігін трансплантациялау 45-50 мың доллар тұрады. Жүрек трансплантациясы өте сирек жасалады. Марқұмнан алынған жүрек 160-280 мың доллар аралығында бағаланады, ал оның ота құны 1,5 миллион долларға дейін жетеді. Өкпенің бағасы 60-80 мың доллар, ал трансплантация құны 90 мың доллар шамасында.

Біз «бүйрек сату» туралы әртүрлі интернет көздерінен іздестіріп көрдік. Нәтижесінде, бір танымал әлеуметтік желіде бұл «бизнеспен» айналысатын тұтас топтар мен боттардың бар екені анықталды. Сондықтан құқық қорғау органдары мұндай жарнама берушілерді бірден назарға алады.

АДАМ НЕЛІКТЕН ӨЗ АҒЗАСЫН САТА АЛМАЙДЫ

Бұл сұрақ бүйрек сатуға байланысты әрбір жаңалықтың астында жиі қойылады. Себебі Қазақстанның Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінде адам органдары мен тіндерін сатуға қатаң тыйым салынған.

ҚАШАН РҰҚСАТ ЕТІЛЕДІ

Органды тірі кезінде тегін донор болуға тек екі жағдайда рұқсат беріледі:

  1. Егер орган генетикалық туысқа берілсе.
  2. Егер реципиентпен тіндік үйлесімділік болса.

ҚР Кодексінің 210-бабында:

Органның (орган бөлігінің) немесе тіннің (тін бөлігінің) тірі доноры он сегіз жасқа толған, әрекетке қабілетті, реципиентпен генетикалық байланысы бар немесе тіндік үйлесімділігі бар, органын (немесе тінін) алуға нотариалды куәландырылған жазбаша келісім берген тұлға бола алады,– деп нақты көрсетілген.

Яғни, бүйрегіңізді бейтаныс адамға тегін беруге мемлекет қарсы емес. Бірақ бұл жерде логикалық сұрақ туындайды: «Егер сатушы бағаны көрсетпей, бүйрегін “тегін” беремін деп хабарландыру берсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылмай ма?”. Бірақ мұндай хабарландырулар күдік туғызады. Себебі ресми құжатсыз қаржылай есеп айырысу – заң бұзушылық болып саналады.

ҚАЗАҚСТАНДА БҮЙРЕК САТУҒА БОЛА МА

Адам ағзасын сату үшін:

  • Шынайы сатып алушы қажет.
  • Ақшасы бар адам табу керек.
  • Трансплантолог дәрігер табу керек, ол өзі мен медициналық мекемені заң бұзушылыққа тартқысы келмеуі мүмкін.

Соңғы жылдары елде мұндай заңбұзушылыққа қатысты бір жағдай болды – 2019 жылдың соңында Шымкентте болған оқиға. Сол кезде екі дәрігер – Ғани Күттімұратов пен Абылай Донбай Қырғызстан азаматшасы Бермет Тайсалова екеуі қара нарықта заңсыз орган сатумен айналысқан деген күдікке ілінген. Бірақ 2020 жылы сот дәрігерлерді басты айыптан ақтап шығарды. Тайсалова 6 жылға сотталған болатын.

НЕГЕ САУДАЛАУҒА РҰҚСАТ ЖОҚ

Ағза трансплантациясын Қазақстанда тек мемлекеттік медициналық мекемелер мен Назарбаев Университеті (тиісті лицензиясы болған жағдайда) ғана жасай алады. Донор мен реципиент бірнеше медициналық тексерулерден өтіп, этикалық кеңестің мақұлдауынан кейін ғана отаны жүзеге асыруға рұқсат етіледі.

Қазақстан заңнамасы әлемдік тәжірибеге сай. Страсбург конвенциясы (2002 ж.) және Ыстамбұл декларациясында (2008 ж.) да коммерциялық орган саудасына қатаң тыйым салынған.

Ағза саудасы мен трансплантациялық туризм әділеттілік, теңдік және адам қадір-қасиетін құрметтеу қағидаларын бұзады, сондықтан оларға тыйым салынуы керек (Ыстамбұл декларациясы).

2020 жылы Қазақстан тіпті өлімнен кейінгі органдарды алуға қатысты “келісім презумпциясын” да алып тастап, ағза трансплантациясына қатысты шектеулерді күшейтті. Демек, мемлекет азаматтарға өз денесін «бөлшектеп сатуға» мүлде рұқсат бермейді.