Қарағанды облысындағы тас жолдарда жағдай әлі де күрделі. 22 қаңтарға қараған түні үш мыңға жуық адам жолда қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АУА РАЙЫНЫҢ САЛДАРЫ
Боран мен көктайғақ салдарынан Астана мен Алматы бағыттарын қоса алғанда, алты жол учаскесі жабық күйінде қалып отыр.
Жабық учаскелерде барлығы 1418 көлік жиналған, оның ішінде:
Бұл көліктерде барлығы 2924 адам бар.
Жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға барлық қажетті көмек көрсетілген. Олар ыстық тамақ және ауызсумен қамтамасыз етілуде. Қажет болған жағдайда жылыту және түнейтін орындарға жеткізіледі. Қазіргі уақытта жол бойындағы кафе, мешіттер мен интернаттарға 144 адам орналастырылды.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты жол полициясы қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Облыс жолдарында 35 автопатруль және 74 полиция қызметкері қызмет атқарып жатыр.
БҰҒАН ДЕЙІН
21 қаңтарда Қарағанды облысында мыңнан аса көлік тас жолда кептелісте тұрғаны хабарланған болатын. Осыған байланысты полиция күшейтілген режимде жұмыс істеді.
ІІМ ҮНДЕУІ
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі көлік иелеріне үндеу жасады.
ІІМ мәліметінше, ауа райының нашарлауына боран, көктайғақ себеп. Қазір 15 облыстың 43 жол учаскесінде автокөліктердің қозғалысына шектеу енгізілген. Республикалық маңызы бар алты мыңнан астам шақырым жолда, яғни көрсетілген санаттағы жолдардың 25%-да шектеулер енгізілген.