Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері алдағы уақытта көкөністің бағасы өспейді дегенге сенімді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“БАҒА ӨСПЕЙДІ”
Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков айтты. Ал картоп бағасының өсуін Қазақстандағы экспорттық ажиотаж және алыпсатарлықпен байланыстырды, бірақ қазіргі уақытта жағдай тұрақтанған.
Бүгінгі таңда картоп қымбаттайды деп болжауға ешқандай негіз жоқ. Бұған дейін экспорттық ажиотаж және алыпсатарлық салдарынан жағдай осындай болды. Ал шын мәнінде, көкөністердің, соның ішінде картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ, – деді ол.
КАРТОП БАҒАСЫНА ҚАТЫСТЫ
Тасжүрековтің айтуынша, картоп бағасының төмендеуі әкімдіктердің жанындағы тұрақтандыру қорларының арқасында жүзеге асып келе жатыр. Бұл қорларда шамамен 115 млрд теңге бар. Олар сатып алуға және әр өңірдің тұтыну қажеттілігін ескере отырып, алдын ала қор қалыптастыруға бағытталады.
АРТЫҚ ҚОР БАР
Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ермек Кенжеханұлы Қазақстандағы көкөніс қорлары туралы айтты. Оның сөзінше, көкөністің артық қоры бар және олар жеткілікті. Бұдан бөлек, сәуір айының соңынан бастап елде көкөніс дақылдарының ерте піседі деп күтіліп отыр.
Ең бірінші қырыққабат дайын болады. Мамыр айынан бастап біз сәбіз бен картоп ала бастаймыз. Кейін басқа өнімдерді де аламыз. Сондықтан қазіргі уақытта қолдағы бар қорлар елдің қажеттілігін көкөніс дақылдарының алғашқы ерте өнімдері дайын болғанға дейін жетеді, – деді министрдің міндетін атқарушы.
Айта кетейік, Кенжеханұлының сөзінше, дәл осы қорлар бағаларды сақтап қалуға және олардың күрт қымбаттауына жол бермеуге мүмкіндік береді.