Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы өзге тауарлар мен қызметтерге қарағанда айтарлықтай жылдам өсіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Баға қалай өсті
2026 жылғы тамызда дәрі-дәрмек бағасы бір айда 2,3% қымбаттады. Ал осы кезеңдегі жалпы инфляция 0,6% болды, яғни айырмашылық төрт есеге жуық.
Жыл басынан бері дәрі-дәрмек бағасы 13,8% өскен. Ал барлық тауарлар мен қызметтердің бағасы 6,4% қымбаттаған.
Жылдық көрсеткіште айырмашылық одан да айқын. Медикаменттер 21,6% қымбаттаса, жалпы инфляция 9,8% болды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы бір жылда 11,4%, ал денсаулық сақтау саласындағы тауарлар мен қызметтердің бағасы 15% өскен.
Қандай дәрілер қымбаттады
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бақылаудағы препараттардың ішінде бір жылда ең көп қымбаттағандардың қатарында «Ингавирин» (90 мг, 7 капсула) бар. Оның бағасы 2025 жылғы тамызда 6 592 теңге болса, қазір 7 636 теңгеге жеткен.
Мемлекет дәрі бағасын реттеуден бас тартып жатыр
Осы жағдайда Қазақстан дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тартуды жалғастырып жатыр. Қазірдің өзінде реттелетін дәрілер тізімінен 1 200-ден астам препарат алынып тасталды. Нәтижесінде олардың саны 3 039-дан 1 827-ге дейін қысқарды.
Өзгерістер бір айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) төмен, яғни 2026 жылы 4 325 теңгеден аспайтын арзан рецептілік дәрілерге қатысты болды. Енді олардың бағасын нарық қалыптастырады.
Денсаулық сақтау министрлігі еркін баға белгілеу бәсекелестікті күшейтіп, дәрі-дәрмек түрлерін көбейтеді және олардың халыққа қолжетімділігін арттырады деп есептейді.
Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы да бұл тәсілді қолдайды. Ұйым сарапшыларының пікірінше, арзан дәрілер сегментін реттеуден шығару жеткізу көлемін арттырып, отандық фармацевтика саласының дамуына серпін беруі мүмкін.
Қазақстандықтар дәрі бағасының негізсіз жоғары екеніне шағымды DariKZ қосымшасы арқылы жібере алады. Өтінішке чек пен дәрі қаптамасының фотосын қоса тіркеу қажет.
Контекст
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан дәріханаларында дәрілердің төрттен біріне жуығы арзандағанын хабарлаған еді. Министрлік мәліметінше, шілде айында бақылаудағы 2 555 препараттың 589-ының бағасы төмендеген. Оның ішінде 147 дәрінің бағасы 20%-дан астамға арзандаған.
Алайда статистика дәрі бағасының рекордтық өскенін де көрсеткен. Мамыр айында медикаменттер бір жыл ішінде 19,3% қымбаттаған. Бұл соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды.