2016 жылы елордада «Солнце» субұрқағын салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша резонанстық сот тағы бір даудың бастауына айналды. Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловқа қарсы оның әйелінің туыстары ашық қарсы шықты. Олардың бірі әлеуметтік желілерде бұрынғы шенеуніктің көпшілік алдында абыройын айрандай төгіп, оның жылдар бойы жасырып келген құпиясын ашты. Анықталғандай, Мажағұловтың заңсыз екінші әйелі және одан өрген бала-шағасы бар екен. Бір айналдырғанды шыр айналдырады деген осы шығар, коррупциялық жанжалдың отбасылық жанжалға қалай себеп болғанын Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрді.
ШЫНДЫҚТЫҢ БЕТІ АШЫЛДЫ
Instagram әлеуметтік желісінде қолданушы Ұлпан Бегалина айыпталушы Болат Мажағұловтың екінші отбасы туралы бар шындықпен бөлісіп, оған деген өз наразылығын білдірді. Ол өз постында жарқын келбетті қыздың бірнеше фотосын жариялап, астына былай деп жазды:
«Бірінші және екінші суретте (сотта және инстаграм парақшасында) – айыпталушы Болат Бауржанұлы Мажағұловтың көңілдесі, отбасының шырқын бұзушы, арсыздықтың өлшемі, өмірде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді ұнататын Анар Жашубаева (@anar_kudaybergen)».
Айыпталушы Мажағұловтың туысы ретінде Ұлпан Бегалина бұл шындықты әлеуметтік желілерде жариялауға отбасын қорғау ниеті себеп болғанын айтты.
- Бұл мен үшін оңай емес, - деп жазды пост авторы. - Мен оны (Мажағұловты – авт. ескертпесі) бұрыннан білемін, оны қатты сыйлайтынмын, менің отбасым мен жақындарым да онымен мақтанатын. Сол себепті бұл туралы жазу маған ауыр. Мүмкін жақындарымның осынау қарым-қатынасын сақтау үшін әрі қарай да үндемей қалар едім. Бірақ енді бұл мүмкін емес.
Ұлпан Бегалина Мажағұловтың инстаграмдағы кәсіби түрде дайындалған және жақсы өңделген жазбаларына жауап ретінде бұл туралы жариялауға мәжбүр болғанын айтты:
Болат Бауржанұлы мен оның «командасы» оны адал, заңға бағынатын азамат ретінде көрсетуге тырысады. Ол мәдениетті дамытуға үлес қосқан адам ретінде танылғысы келеді. Бірақ мәдениет жанашыры өзін мәдениетсіз етіп көрсетті.
Автордың айтуынша, әділдік туралы айыпталушының әлеуметтік желілердегі үндеулері оны қатты ашуландырған:
Әділдік дегеніміз не, ол әділетсіз адамдарды бүркемелеу ме? - деп сұрақ қояды Ұлпан Бегалина. - Мені және менің отбасымды мұндай екіжүзді сипаттағы посттар қорлайды. Егер әділдік туралы айтылса, онда толық шындықты айту керек. Ал шындық мынада: Болат Мажағұлов заңды некеден туған қызы тәй-тәй басқан кезде көңілдесі Анар Жашубаевамен (@anar_kudaibergen) қарым-қатынас орнатқаны былай тұрсын, некесіз сәби сүйген уақыт еді.
СОТТА ЖОЛЫҚҚАНДАР
Мажағұловтың туысының айтуынша, экс-мәдениет басқармасының басшысы тоқалын 10 жыл бойы жасырған.
- Соңғы жазбаларының (Мажағұловтың) астындағы пікірлерде оны жомарт әрі мейірімді адам деп жатыр екен. Иә, мүмкін. Бірақ оның жомарттығын толық сезінген тек оның көңілдесі @жашубаеванар болды. Ол оған салон ашып берді, бұл салонды біраз танымал тұлғалар жарнамалады (скриншоттарды қосамын). Сондай-ақ, оның әпкесі @жашубаеважанат Мажағұлов жомарттығына куә болған бірден-бір жан десек болады.
Ұлпан Бегалина сот отырыстарына тек Мажағұловтың көңілдесі ғана емес, оның қолдаушылары да тұрақты түрде келіп жүретінін айтты.
«Отбасын бұзушыны сотта қолдауға келген басқа адамдар туралы әзірге жазбаймын», - деді ол. - Егер сен, Болат Бауржанович, әділдік туралы айтсаң, онда әділдік үшін сенің көңілдесің Жашубаева Анардың моральдық және адамгершілік құндылықтарды елемей, заңды әйелің мен оның туыстарының қатысуымен сот отырыстарына батыл түрде келіп жүргенін айту керек. Ешқандай моральға сыймайтын мұндай әрекетті оның ата-анасы да қолдады. Мен бірнеше отырысқа бардым және отбасының шырқын бұзушы келесі отырыстарда болмайды деп үміттендім, бірақ олай болмады. Мен оларды тым жоғары бағалаппын. Бұл әрекеттерді жаны ізгі, адал ақ сүт емген адамдар жасай ма?»
ЕКІ ӘЙЕЛ АЛУ – ЗАҢҒА ҚАЙШЫ
Ұлпан Бегалинаның айтуынша, Болат Мажағұловтың әлеуметтік желідегі парақшасында жазған пікірлері үнемі өшіріліп, экс-шенеуніктің қос өмірі туралы шындықты ашатын аккаунттар бұғатталып отырады. Бұл жағдай оны Мажағұлов пен оның екінші отбасын әшкерелеу үшін жеке аккаунт ашуға мәжбүр еткен.
«Қазір Болат Бауржанұлы қоғам алдында адал әрі әділ адам болып көрінуге тырысып жатыр. БІРАҚ оның заңды отбасына жасаған іс-әрекеттері мүлде басқаны көрсетеді», - деп жазады туысы. - «Өмірде бәрі болады, бірақ жасырын көңілдесі мен заңсыз балаларын мойындап, адам ретінде батылдық танытуға оның еркі жетпеді».
Парақша авторы Болат Мажағұловқа үндеу жасап, оның өткенін еске түсірді:
«Білесің бе, Болат Бауржанұлы, бір кездері сен менің қайтыс болған апама Мәдинадағы қасиетті жерде дұға оқыған едің... Менің ойымша, апам бұл күндерге жетпей кеткені дұрыс болды. Ол сенің сатқын екеніңді өз көзімен көрмеді. Бұл «мәдениетті» адам оның қолынан ас ішіп, менің ата-анамның, туыстарымның үйінде дәм татқан, ал жүрегінде бізге сұғар қанжар сақтаған. Сен заңға бағынбаған шығарың, бірақ адамгершілік пен тәрбиеге сай әрекет ету, әсіресе, жақындарыңа сыйластық таныту сенің адами борышың ғой»
Сөзін түйіндей келе, Ұлпан Бегалина былай деді:
«Сен, Болат Бауржанұлы, әділдік пен заңдылықты талап етесің. Бірақ біздің елде екі әйел алу заңға қайшы, бұл екі азаматтық алумен бірдей».
МАЖАҒҰЛОВТЫ НЕ ҮШІН СОТТАЙДЫ
Еске сала кетейік, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов өткен жылдың қыркүйек айының басында ұсталды. Тергеуді ҚМА (Қаржы мониторингі агенттігі) жүргізді.
Экс-шенеунікке ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету») айып тағылды. Тергеу нұсқасы бойынша, «Солнце» субұрқағын салу кезінде бір миллиардтан астам теңге жымқырылған.
2016 жылы елорданың туған күніне орай пайдалануға берілген «Солнце» субұрқағы Орталық Азиядағы ең ауқымды жоба ретінде таныстырылған еді. 80 метрге дейін көтерілетін су ағындары жарқын шоу жасап, елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантты.
Алайда 2019 жылға қарай субұрқақ жарамсыз болып, су ағындарын бүркуін тоқтатты. ҚМА мәлімдеуінше, субұрқақ құрылысында сапасыз материалдар пайдаланылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен келісімшарттарға қол қойылған.