Президент Мойынтыдан Қызылжарға дейін жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі Қазақстанның орасан зор артықшылығы екенін айтты. Оның сөзінше, мұны толықтай әрі тиімді пайдалану керек.
Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ. Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек.
«Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек, – дейді ол.
Президент «Алтынкөл – Жетіген» темір жолын да кеңейту қажеттігін айтты. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады. Бұдан бөлек, темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды. Мультимодальды көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс дейді ол.