Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шамамен 15-20 ақпанда Қазақстанда ҚҚС қаншаға көтерілетіні белгілі болатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖҰМАНҒАРИН НЕ ДЕДІ
Жұманғариннің айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін көтермес бұрын, үкімет салық әкімшілендірудің қалай жүргізілетінін нақты түсінуі қажет, әсіресе, Салық комитетінің бақылау функциясын күшейту реформасының тереңдігі қандай болатынын анықтау керек.
ҚҚС ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА КӨТЕРІЛМЕЙДІ
– Жалақы қорында біз қысқартқымыз келетін белгілі бір баптар бар. Қазір біз қысқартылатын баптардың санын анықтап жатырмыз. Егер бізге кейбір шығын баптарын қысқартуға рұқсат берілмесе, онда ҚҚС мөлшерін қатты көтермейміз, бірақ жалақы қорындағы шығындарын да қысқартпаймыз. Мұның бәрін есептеу керек. Үшіншіден, біз бұл мәселені бизнес қауымдастықпен әлі талқылап жатырмыз. Сенбі күні біз «Атамекен» ҰКП-да отырып, олар қандай модель ұсынып отырғанын қарадық. Содан кейін біз фракциямен, содан соң депутаттармен сөйлесеміз, – деді Жұманғарин.
ЖАҢА ҚҚС МӨЛШЕРІ ҚАШАН БЕЛГІЛІ БОЛАДЫ
15-20 ақпаннан кешіктірмей, қазақстандықтар жаңа ҚҚС мөлшерлемесін білетін болады. Осыдан кейін Үкімет өз ұсыныстарымен Парламентке барады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске сала кетсек, Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатқанын хабарлағанбыз.
Сондай-ақ бизнесвумен, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова Қазақстан үкіметінің ҚҚС ставкасын 20 пайызға дейін көтеру туралы ұсынысына үн қатып, бастамаға қарсылық білдірді.
Экономикалық даулар саласындағы адвокат, бұрынғы салық кеңесшісі Жангелді Сүлейманов те Үкіметтің Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) ставкасын 20 пайызға дейін көтеру идеясымен келіспейтінін жеткізді.