Қазақстанда темекі өнімдерін таңбалау үшін төленетін ақы азайтылуы мүмкін. Қаржы министрлігі тиісті бұйрық жобасын әзірлеп, оны қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Айырмашылық – небәрі екі тиын
Қазір темекі өнімдерінің бір таңбалау кодының шекті құны – 2,68 теңге. Қаржы министрлігі оны 2,66 теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отыр, яғни бір өнімге шаққандағы айырмашылық небәрі екі тиын болады.
Таңбалау темекі өнімдерінің қозғалысын бақылау үшін қажет. Бірыңғай оператордың қызметіне нарық қатысушылары ақы төлейді. Ведомство дәл осы бизнес өкілдерінің шығынын азайтуды көздеп отыр.
Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, тарифті экономикалық тұрғыдан негізделген деңгейге белгілеу, бизнеске түсетін қаржылық жүктемені азайту және таңбалау жүйесінің жұмысын сақтау жоспарланып отыр.
Темекі арзандайды деген сөз емес
Тарифтің төмендеуі бизнестің өнімді таңбалауға жұмсайтын шығынына қатысты. Бұл темекінің бөлшек саудадағы бағасына әсер етеді дегенді білдірмейді.
Жоба құжатында темекі өнімдерінің тұтынушылар үшін арзандайтыны туралы айтылмаған. Ведомствоның есептеуінше, бұл өзгеріс темекі өнімдерін қадағалау жүйесінің жұмысына зиян келтірмей, компаниялардың шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, 1 тамыздан бастап Қазақстанда темекі қымбаттаған еді. Бір қораптың ең төменгі бағасы 970 теңгеден 1 060 теңгеге өсті.