Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бағаны негізсіз көтеру фактілерімен күрес қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Біздің ең басты мақсатымыз – бағаны өсу серпінін тоқтату. Ешкімге құпия емес: Коронавирус бітпей, бағаның өсуін тоқтата алмаймыз. Себебі негізі біздің негізгі логистикалық байланыстарымыз үзіліп кетті. Сондықтан әрине, қазір әрбір ұлт өз протекционизмін жасап жатыр. Қазір олар өз мемлекеттерін азық-түлікпен қамтуды көздейді. Бай мемлекеттер бағаға қарамайды. Оларға тауардың болуы маңызды», - деді Серік Жұманғарин Сенаттың кулуарында.
Оның айтуынша, агенттік бағаның өсуіне негіз бар ма, жоқ па деген мәселеге баса назар аударады.
«Отандық өнім бағасының өз негізі бар. Қазір теміржол тасымалы, бензин, электр қуатының бағасы, шикізат қымбаттады. Екінші жағынан кәсіпкерлердің өзара сөз байласуын да анықтап жатырмыз. Ол жалпы айтқанда, адамның сараңдығы. Көбі қосымша пайда көргісі келеді. БАҚ-қа да шығамыз. Жақында жұмыртқа өндірушілерге және жанар-жағармай сатушыларға қатысты іс аштық. Олардың өз белгілері көрінеді. Себебі олардың іс-әрекеттері нарыққа әсер етеді», - деді ол.
Серік Жұманғарин жанар-жағармай саласында 12 іс қозғалғанын мәлім етті. Одан бөлек заңбұзушылыққа қатысты хабарламалар саны жүзден асып кеткен. Хабарлама – кәсіпкерге ескерту. Екінші рет қайталанса, жазаға тартылған бизнес өкілдері едәуір шығынға ұшырайды.