×
465.74
531.08
5.92
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
465.74
531.08
5.92

Қазақстанда ет бағасы әлі де өсіп жатыр: үкімет мұны қалай шешпек

Бүгін, 11:26
Қазақстанда ет бағасы әлі де өсіп жатыр: үкімет мұны қалай шешпек
Pixabay.com

Қазақстанда ет қымбаттап жатыр. Ұлттық экономика министрлігі мәселені шешу үшін нарыққа талдау жүргізіп, тиісті шаралар әзірлемек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ИНФЛЯЦИЯНЫ ТОҚТАТУ МҮМКІН БОЛМАЙ ТҰР

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ведомство басшысы Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Министрлік Қазақстанның 11 өңірінде жылдық инфляция деңгейі елдегі орташа көрсеткіштен жоғары екенін айтты. Ең төмен көрсеткіштер Жетісу және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында байқалған.

Шілде айының алғашқы үш аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы жыл басынан бері алғаш рет төмендеген. Алайда бұл көрсеткіш айтарлықтай емес – небәрі 0,1%.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, шілде-тамыз айларында көптеген өнім түрі маусымдық себептерге байланысты арзандайды. Әсіресе көкөніс бағасы төмендейді. Алайда бұл жағдай етке қатысты емес.

Елімізде қой еті (+2%), жылқы еті (+1,3%) және тартылған ет (+0,6%) қымбаттаған.

– Серік Жұманғарин ет және ет өнімдерін өндіру нарығына өндіріс көлемін, ішкі тұтынуды және экспорттық жеткізілімдерді ескере отырып, жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Бұл Үкіметтің алдағы іс-қимылдарын анықтау үшін қажет, – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

ҮКІМЕТ ҚАНДАЙ ШАРА ҚАБЫЛДАМАҚ

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет ішкі өндірісті ұлғайтып, отандық өндірушілерді қолдауды жоспарлап отыр.

Жыл соңына дейін күнбағыс майын өндіретін үш жаңа зауытты іске қосу көзделген. Сондай-ақ жақын уақытта нан өндіруші кәсіпорындарға электр энергиясына жеңілдетілген тариф енгізіледі. Өңірлердегі жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілерінің міндеттемелерін қаншалықты орындап жатқанын тексеру тапсырылды. Бұл – өнімдерін ел ішінде теміржол арқылы тасымалдауға 70 пайыздық жеңілдік алған кәсіпорындарға қатысты.

Ұлттық экономика министрлігі әкімдіктерге бағаның айтарлықтай өсу жағдайларын талдап, ірі көтерме жеткізушілермен кездесулер өткізуді тапсырды. Осындай жұмыстар азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасына қатысты да жүргізілмек.

Бұған дейін Қазақстанда ет бағасы күрт өскен еді. Бір жыл ішінде сиыр және қой еті шамамен үштен бірге қымбаттаған. Бұл мәселе Үкімет пен Мәжіліс отырыстарында талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі қой еті бағасының өсуі уақытша құбылыс екенін айтқан еді. Алайда Ұлттық экономика министрлігінің кейінгі мәліметтері ет бағасы әлі де өсіп жатқанын көрсетіп отыр.