Астана қаласының мамандандырылған сотының дәлізінде Ulysmedia.kz тілшісіне шабуыл жасалды. Редакция тілшісі Болат Мажағұловқа қатысты кезекті сот отырысына барған болатын.
МӘН-ЖАЙ
Астана сотында “Солнце” субұрқағын салу кезінде миллиард теңгеден астам қаржы жымқырды деп айыпталған бұрынғы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың соты әлі жүріп жатыр. Субұрқақ 2016 жылы іске қосылған. Алайда 2019 жылға қарай субұрқақ жұмыс істемей қалды. Қаржы мониторингі агенттігі құрылыстың заң бұзушылықпен жүргізілгенін, сапасыз материалдар пайдаланылғанын, келісім-шарттар тендерсіз жасалған деп мәлімдеді.
Осылайша “Солнце” жарамсыз болып қана қоймай, жемқорлықтың символына айналғандай болды.
Қазіргі таңда Болат Мажағұловтың ісіне қатысты сот жарыссөздері өтіп жатыр. Судья сот залында фото немесе видеоға тыйым салғанымен сот өтетін залдың дәлізінде түсірілім жасауға шектеу жоқ. Ulysmedia.kz тілшісі дәлізде оқиғаны баяндап видео түсіріп тұрған. Сотқа қатысқан адамдардың видеосы бүгін әлеуметтік желіге салынған жоқ. Журналист – жеке тұлға емес және “Масс-медиа” туралы заңға сәйкес фото немесе видеоға түсіруге толық құқылы.
Алайда өзін “Болат Мажағұловтың әйелімін” деп таныстырған әйел журналистің дәлізде видеоға түсіруіне болмайды деп мәлімдеді. Ал журналист өз кезегінде заңға сәйкес түсірілім жасай алатынын айтқанында әйел адам тілшіге тап беріп, шабуыл жасаған.
ЖУРНАЛИСТКЕ ШАБУЫЛ
- Менің қолымды қайырып, телефонымды тартып алып, журналист ретінде жұмыс істеуіме кедергі жасады, дейді журналист.
Журналист оқиға орнына полиция жасағын шақырып, арыз жазды. Мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекспен қудаланады.
Ulysmedia.kz редакциясы ішкі істер министрлігінен бұл жайтты бақылауға алуын сұрайды.
10 ЖЫЛ
Айта кетейік, прокурор Астананың мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажағұловты он жылға соттауды сұраған болатын.
МАЖАҒҰЛОВТЫ НЕ ҮШІН СОТТАЙДЫ
Еске сала кетейік, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов өткен жылдың қыркүйек айының басында ұсталды. Тергеуді ҚМА (Қаржы мониторингі агенттігі) жүргізді.
Экс-шенеунікке ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету») айып тағылды. Тергеу нұсқасы бойынша, «Солнце» субұрқағын салу кезінде бір миллиардтан астам теңге жымқырылған.
2016 жылы елорданың туған күніне орай пайдалануға берілген «Солнце» субұрқағы Орталық Азиядағы ең ауқымды жоба ретінде таныстырылған еді. 80 метрге дейін көтерілетін су ағындары жарқын шоу жасап, елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантты.
Алайда 2019 жылға қарай субұрқақ жарамсыз болып, су ағындарын бүркуін тоқтатты. ҚМА мәлімдеуінше, субұрқақ құрылысында сапасыз материалдар пайдаланылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен келісімшарттарға қол қойылған.