Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Еркебұлан Сыдықбаевтың әйелі жол апатынан опат болған еді. Оның соңында шиеттей төрт бала қалған. Qazaq Stroy компаниясы жетім қалған балаларға баспана алып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАРАЛЫ ОТБАСЫНА КӨМЕК
Қапелімде ата-анадан айырылып, жетім қалған төрт баланың тағдыры туралы білгенде Qazaq Stroy ұжымы қайғыдан шет қалмаған. “Балаларының жағдайын жасаймын деп ақтық демі қалғанша арпалысып өткен Сая Есенгелдінің оқиғасы біздің де жанымызға батады” дейді компания.
Құрылыс компаниясы отбасыға 95 шаршы метр болатын үш бөлмелі кең пәтерді сыйға тартқан. Сонымен бірге, Qazaq Stroy иесі Нұрлан Артықбаев балалардың әрқайсысына ай сайын 100 000 теңгеден төлеп отыруға шешім қабылдаған, бұл олар кәмелет жасқа толғанша жалғасады. Бұл жай материалдық көмек емес, оларға қарайласар қамқор жандар екенінің белгісі болғанын қалайды.
Осы оқиғаны білгенде бұған бей-жай қарай алмайтынымызды түсіндік. Біз балаларға ата-анасын қайтарып бере алмаймыз, бірақ оларға қорған бола аламыз. Біз жетімін жылатпаған халықпыз. Осы үй балалар үшін береке мен үміт мекеніне айналсын, ал біздің көмек — әлемде жақсы адамдар бар екенінің белгісі болсын», — деді Нұрлан Артықбаев.
Бүгін қаралы отбасыға пәтер кілті мен сертификаты табысталған.
Qazaq Stroy атынан Сая Есенгелдінің туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Сіздермен бірге қайғырамыз. Сая туралы жарқын естелік балалардың жүрегінде сақталсын, олардың болашағы мейірімге, жылу мен қамқорлыққа толы болсын, – делінген компания таратқан ақпаратта.
ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА
Журналист Лұқпан Ахмедяровтың жазуынша, Еркебұлан Сыбықбаевтың әйелі Сая Есенгелді такси болып жүріп, жол апатына ұшыраған. Оның төрт баласына анасы қарасқан. 4 ақпанда Алматы-Бішкек тас жолында жол апатынан 3 адам қаза тапқан болатын. Сая сол кезде көз жұмды.
Лұқпан Ахмедяровтың Сая балаларын асырау үшін күндіз курьер, түнде такси жүргізушісі болып, тірліктің ауырлығын көрген. Әкімдік әйелге баспана алып беруге көмектесеміз деп уәде бергенімен, онысын орындамаған. Керісінше, әкімдік өкілі “үй сұрамасын” деп қорқытқаны туралы да ақпарат тарап жатыр. Блогер Айжан Хамит Бас прокуратурадан жесір әйелге қоқан-лоқы жасап, бопсалаған әкімдік өкілін жазаға тартуын талап еткен. Алматы әкімдігі жазбаны өшіруін сұрап марқұмның отбасына қысым көрсеткен көрінеді. Бірақ блогер жазбасын өшірмейтінін айтқан.
Төрт бала Саяның әпкесінің тәрбиесіне алынады деген де мәлімет бар. Бірақ оның жеке баспанасы жоқ.
КҮЙЕУІНІҢ ҚАЗАСЫ
Еркебұлан Сыдықбаев Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан. Сұхбат берген Сая Есенгелді күйеуіне оқ президент резиденциясы маңында тигенін айтқан еді. Еркебұлан 2022 жылы 17 қаңтарда ауруханада қайтыс болған. Сол кезде өз құқықтарын қорғау үшін Сая Есенгелді адвокат жалдауға жағдайы жоқтығын айтқан еді.