Әзербайжанның СІМ Ресей мемлекеттік думасының депутаты Николай Валуевті елге кіруге тыйым салынған адамдар тізіміне қосты. Бұл туралы Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айхан Гаджизаде мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
ӘЗЕРБАЙЖАН НЕ ДЕЙДІ
- Ресей Мемлекеттік Думасының туризм жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Николай Валуевтің Әзербайжан мен әзербайжан халқына бағытталған қорлайтын мәлімдемелері мүлдем орынсыз. Осы депутаттың біздің елімізге қарсы айтқан сөздеріне байланысты оның есімі Әзербайжан Республикасына кіруге тыйым салынған адамдар тізіміне енгізілді, – деді СІМ ресми өкілі.
Ол сондай-ақ Ресей мемлекеттік думасы депутаттарының Әзербайжанда нон-грата тізіміне енгізілуі алғашқы жағдай емес екенін атап өтті.
- Мысалы, бұған дейін Әзербайжанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қарсы әрекеттері үшін бұл тізімге мемлекеттік думаның ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин және отбасы мәселелері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Виталий Милонов енгізілген, – деп қосты Гаджизаде.
Сондай-ақ, ол бұл депутаттардың “Единая Россия” партиясының мүшелері екеніне өкініш білдірді.