×
$
453.87
€
508.33
₽
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.87
€
508.33
₽
5.65

Кремль Тоқаевтың Ресейге қатысты ұсынысына жауап берді

Бүгін, 18:52
Кремль Тоқаевтың Ресейге қатысты ұсынысына жауап берді
Ақорда

Ресей Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) жұмысына қатысу мүмкіндігін қарастыра алады. Алайда Мәскеуге әзірше ресми шақырту түспеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл мәселе Қазақстанмен арадағы келіссөздерде талқылануы мүмкін екенін жоққа шығармады.

– Менің түсінуімше, әзірге ресми шақырту болған жоқ. Дегенмен бұл тақырып Астанадағы достарымызбен байланыстарымызды қоса алғанда, алдағы кездесулеріміздің күн тәртібіне енетіні анық, – деді ол.

Сондай-ақ Кремль өкілі Ресейдің ТМҰ жұмысына қатысуын неге орынды санайтынын түсіндірді.

– Ресейде тарихи тұрғыдан түркі халықтары мекендейтін бірқатар өңір бар. Сондықтан жекелеген аймақтардың емес, тұтас Ресей Федерациясының ұйым жұмысына қатысуы түсінікті, орынды әрі заңды болар еді, – деп түсіндірді Песков.

Контекст

30 қазанда Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің бірлестік жұмысына қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы мұның екі жолын атады: «ТМҰ+» форматына қосылу немесе бақылаушы мәртебесін алу.

– Ресей – ірі держава. Ол ғасырлар бойы түркі әлемімен тығыз байланыс орнатып келеді. Бұл елдің аумағында тарихи тұрғыдан көптеген түркі халықтарының өкілдері тұрады, – деп түсіндірді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан қолдау білдіріп отырған Ресейдің «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» жобасын да атап өтті. Сонымен қатар орыс тілінің түркі тілдерімен тарихи байланысына тоқталды.