Ауыл мұғалімі Ерқанат Ерғазыұлының шетелдік әртістермен бірлесіп жұмыс істеп, әндеріне продюсерлік еткені жалған болып шықты. Бұл туралы әртістер арасында танымал менеджер, концерт директоры Данияр мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
1,5 АЙЛЫҚ ЗЕРТТЕУ
Даниярдың сөзінше, оның зерттеу жасап, ақпарат жинап, мұндай шешімге келуіне 1,5 айға жуық уақыт кеткен. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
- Ең алдымен музыкалық алаңдардағы credits-терді тексердім. Ол жерде Ерқанат автор ретінде көрсетілмеген. Жақсы дедім де, Genius.com сайтынан тексеріп көрейін дедім. Бұл кез келген әннің авторын тексеруге болатын сайт. Ол жерден де Ерқанатты таппадым, дейді Данияр.
КӨМЕК
Осылайша Данияр Ерқанатқа қандай да бір қате кеткен болар деп көмек ұсынған.
- “Егер сен сол тректерге шынымен продюсерлік еткен болсаң, ал сені автор ретінде белгілемеген болса, саған көмектесіп, олардан айыппұл өндіріп ала аламыз” деп айттым. Ол үшін маған биттердің жобасы ғана керек болды. Мен 1,5 ай бойы күттім, бірақ Ерқанат маған ештеңе жібермеді. Менің хаттарыма жауап бермей, Instagram-дағы stories-терін менен жасырып тастаған. Бұл оның тарапынан біртүрлі әрекет болып көрінді, дейді Данияр.
ТАҒЫ БІР ӨТІРІК
Ерқанат әлеуметтік желідегі парақшасында ол Pharaon лақап атымен белгілі әншінің де тректеріне продюсерлік еткенін жазған екен. Алайда бұл да өтірік болып шыққан.
- Мен өзімнің таныстарым арқылы Pharaon-ның менеджерлеріне шықтым. Олар Ерқанаттың әнге ешқандай қатысы жоғын айтты. Бірақ менің күлкімді келтірген тағы бір жайт бар: оған Bad Bunny-дің (танымал пуэрто-рикандық рэпер, әнші) өзі жеке хат жазыпты-мыс. Ерқанат әншінің хатын парақшасында жариялады. Хатты тексеріп едік, оның мәтіні 100 пайыз жасанды интеллект арқылы жазылғанына көзімізді жеткіздік. Тағы бір біртүрлі факт – хат bad.bunny.officialsinger@gmail.com аккаунтынан келген. Сондықтан осындай ақпараттардан сақ болыңыздар, дейді Данияр.
Бұл жайттан кейін Ерқанат әлеуметтік желідегі парақшасын жауып тастаған.
Еске салайық, былтыр наурызда қазақстандық музыкант Ерқанат Ерғазыұлы әлемдік жұлдыз Дуа Липамен (Dua Lipa) бірігіп жұмыс істеді деген ақпарат тарап кеткен болатын. Ерқанат – Абай облысындағы Қараауыл ауылында қарапайым биология пәнінің мұғалімі екені айтылған.