Қазақстандықтардың көбі ел ішіндегі демалыстан гөрі шетелге саяхаттауды құп көреді. Кейде Түркия немесе Дубайға сапар Қазақстандағы демалыстан арзанға түсетіні жасырын емес. Ал Ақтау мен Алакөл сияқты танымал бағыттарда баға қымбат болғанымен, қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпейді. Қазақстан туризмінің басты мәселесі неде, отандық демалыс орындары неге шетелмен бәсекелесе алмай отыр? Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева бұл туралы туризм саласының сарапшысы, American Travel Kazakhstan компаниясының негізін қалаушы Гаухар Байболовамен сұхбаттасты.
ЕУРОПА ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА НЕГЕ СЕНБЕЙДІ?
Соңғы уақытта Еуропа елдері қазақстандықтарға виза беру талаптарың қатаңдатты. Бұған не себеп? Біздің азаматтарға сенім азайды ма?
– Негізгі себептердің бірі – біздің азаматтарымыздың кейбірі барған елінде қалып қоятыны. Біреулер заңсыз тұрады, енді біреулер заңдастыру рәсімінен өтеді. Әрине, еліміздегі өмір сүру деңгейі жоғары болғанын қалар едік. Бәлкім, еуропалықтар бізді әзірге өз деңгейлеріне толық жеткен жоқ деп санайтын шығар. Сондықтан виза беру барысында көп құжат талап етеді.
Шетелге оқуға немесе жұмыс істеуге барып, сонда қалып қоятын қазақстандықтар көп пе?
– Нақты біздің клиенттерді алатын болсақ, шынын айтсам, олардың жартысы шетелде, әсіресе АҚШ-та жұмыс істеу үшін қалып қояды. Олар заңдастыру рәсімінен өтеді, бизнес визасын алады, сол жақта кәсіп ашады, салық төлейді. Бірақ жағдайы түзеліп, ісі жүре бастаған кезде олардың көбі елге қайтып келеді. Өйткені ол жақта ақша табу оңайырақ, кейін елге оралып, осында жұмыс істеуге болады деп сенеді.
БОРАТТАН ГОЛОВКИНГЕ ДЕЙІН: ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАС ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?
Шетелдіктердің қазақстандықтарға деген көзқарасы жайлы айтып отырмыз ғой. Жуырда Бораттың образына байланысты кәсіпкер Ұлықбек Шәріповтің басы дауға қалды. Бізді әлі де осы стереотип арқылы қабылдай ма?
– 2010 жылы Америкаға алғаш барғанымда Бораттың кесірінен полицейлердің өзі бізді мазақтайтын. Кейін 2013 жылы Геннадий Головкин Madison Square Garden-де еліміздің атын әлемге танытты да, Борат ұмытыла бастағандай болды.
Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Сіз де әлем елдерінің Қазақстанға деген көзқарасы бұрынғыдай емес екенін байқап жүрсіз бе?
– Мұнда біздің президент Тоқаевтың да еңбегі бар сияқты. Оның ағылшын немесе қытай тілінде ана тіліндей еркін сөйлеуі де ел туралы түсінікке әсер етеді. Бізді таниды. Қазақстанды әлем мойындай бастады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮНЕМГЕ КӨШТІ
Демалыс елін таңдауда қазақстандықтардың талғамы өзгерді ме? Әлде әлі де Түркияны бәрінен артық көреміз бе?
– Түркия көпбалалы отбасыларға көбірек қолайлы, өйткені кішкентай балалармен бару өте ыңғайлы. Бес сағат ұшасың да, діттеген жеріңе жетесің.
Бірақ жаңа бір үрдіс пайда болды: отбасылар үнемдей бастаған. Мысалы, Түркиядан үй немесе пәтер жалдап, демалысты өз бетімен өткізуі мүмкін. Қазір қонақүйге артық ақша төлеуге кез келген адам дайын емес.
Жалпы, саяхат бағытын таңдағанда адамдар жеке қызығушылығына қарай шешім қабылдайды. Біреуге Түркияның жанға жайлы демалысы ұнайды, енді біреуге белсенді демалыс, Америкадағы немесе Еуропадағы мұражайлар қызық. Біреу денсаулығын түзеуге арналған демалысты таңдайды – Рогашка немесе Карловы Варыға барады. Ал кей адамдар жаздың өзінде Мальдив аралдарын таңдайды, өйткені онда жазда күн қысқа қарағанда ұзағырақ болады.
ҚАЗАҚ БАЙ БОЛСАҢ, ҚАЗАҚСТАНДА ДЕМАЛА АЛАСЫҢ
Қазақстандықтар неге өз елімізде демалуға құлықсыз?
– Шынын айтқанда, бағаны салыстырып көрсек жеткілікті. Мысалы, Rixos Aktau-ды алайық. Жап-жақсы қонақүй, бірақ бағасы қалтаға салмақ түсіреді.
Бурабайда да дәл солай. Бағалар шарықтап тұр. Шынымды айтсам, кейде Дубайдағы Rixos-қа ұшып барған Ақтауда демалғаннан арзанырақ түсетіні ақылға қонбайды. Мұндай баға саясатының себебі неде?
Қазір «бай қазақ болсаң ғана Қазақстанда демала аласың» деп әзілдейтіндер де бар. Мен еліміздегі туризм саласының дамығанын қалаймын.
Туризм министрлігінің Ақтауды дамыту мәселесімен неге айналыспайтыны түсініксіз. Өйткені қаладан нағыз туристік орталық жасауға болар еді. Сонда оған өз азаматтарымыз ғана емес, шетелден, соның ішінде алыстағы елдерден де туристер ағылар еді.
АЛАКӨЛ: АДАМ КӨП, ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ КЕМШІН
Ал Алакөл туралы не айтасыз? Сұраныс ұсыныстан асып кетті ме?
– Шынымды айтсам, бізге Алакөлге қатысты өтініштер жиі түсе бермейді. Әдетте маусым кезінде ондағы орындардың бәрі алдын ала сатылып кетеді, адам өте көп, жету қиын. Онда да қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпейді. Сондықтан біздің клиенттер Алакөлді жиі таңдай бермейді.
Алайда оның үнемі адамға лық толы екенін, демалушылардың көп екенін білемін. Егер онда көбірек қонақүй салынса, бұл өңір де ірі туристік курортқа айналар еді. Бірақ мәселе тағы да сол қызмет көрсету сапасына тіреледі. Біз дәл осы бағытта жұмыс істеуіміз керек.
ТҮРКИЯ, ДУБАЙ, МЫСЫР – БӘРІ ҚАЛТАҢА БАЙЛАНЫСТЫ
Саяхатты жоспарлап жүрген адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Мұның бәрі клиенттің жеке қызығушылығына байланысты. Дубай, Түркия, Мысыр сияқты танымал туристік бағыттар бар. Біздің еліміздің орташа тұрғынының қалтасы көтеретін алғашқы үш бағыт осы.
Адам көбірек табыс таба бастағанда, Еуропаға немесе Америкаға баруды жоспарлайды. Лондон, әрине, қымбат бағыт, бірақ уақыт өте келе оны да қарастыруға болады. Бәрі клиенттің қаржылық мүмкіндігіне байланысты. Көп адам Америкаға көк тиынсыз барғанын, сонда жұмыс істеп, табысты болғанын айтады. Меніңше, мұндай нәрсе тек Америкада ғана болады.
Айтпақшы, Лондонда да жұмыс істеу үшін қалып жатқан қазақстандықтар бар.

Құлпынай теруге баратындарды айтып тұрсыз ба?
– Құлпынай ғана емес. Онда Америкадағыдай жұмыс түрлері де бар. Көптеген азаматтарымыз дене еңбегін талап ететін жұмыстарды таңдайды, өйткені шетелде мұндай еңбек біздегіден әлдеқайда жоғары бағаланады. Қазақстанда даяшының көмекшісі немесе даяшы салыстырмалы түрде аз жалақы алады әрі бұл жұмысты көбіне уақытша табыс көзі ретінде қабылдайды.
Ал шетелде оған көзқарас мүлдем басқа. Онда даяшылық – толыққанды әрі қадірлі кәсіп. Адамдар бұл жұмысты жылдар бойы істеп, шынымен жақсы табыс табады.
ҚАЗАҚСТАННАН АҚШ-ҚА ҚАШАН ТІКЕЛЕЙ ҰШАМЫЗ?
Қазақстаннан жаңа әуе бағыттарын ашу жоспары бар ма?
– Air Astana АҚШ-қа тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр. Компания өкілдері біздің кеңсеге келді, клиенттеріміз де айтып жүр, Нью-Йоркке және Токиоға тікелей рейстер ашу жоспарланған.
ЛОНДОНҒА 52 МЫҢ ТЕҢГЕМЕН ҰШУ МҮМКІН БЕ?
Адам қайда барса да, негізгі шығынның бірі – әуе билеті. Оның үстіне бағалар жылдан жылға өсіп барады. Ақшаны үнемдеудің қандай да бір жолдары қалды ма: жеңілдіктер, тиімді бағыттар, бюджеттік әуе тасымалдаушылар бар ма?
– Кейбір компаниялар бірнеше ай сайын өз бағыттары бойынша алдын ала акция жариялап отырады. Кейде барып-қайту билетін небәрі 50 мың теңгеге сатып алуға болады. Елестетіп көріңізші: Стамбұлға немесе тіпті Еуропаға. Бірнеше күн бұрын Лондонға 52-58 мың теңге шамасында билет көрдім. Осы бағамен алып үлгергендер қаншама қаржысын үнемдеді. Сәл кешіксеңіз де, кейде барып-қайту билетін шамамен 100 мың теңгеге табуға болады.
Қонақүйлерде, өкінішке қарай, мұндай жеңілдіктер өте сирек болады. Сондықтан Еуропаға сапарды алдын ала жоспарлаған дұрыс. Жолға шығатын күн жақындаған сайын тұратын жердің бағасы қымбаттай береді. Қонақүйді кем дегенде бір ай бұрын, ал дұрысы – екі ай бұрын броньдаған жөн.

ДЕМАЛЫСҚА ҚАЛАЙ ҚАМДАНҒАН ЖӨН?
Яғни басты кеңес – бәрін алдын ала жасау керек қой?
– Дәл солай. Сапарды шамамен жарты жыл бұрын жоспарлаған дұрыс. Бұл билеттерді тиімді бағамен сатып алуға, құжаттарды асықпай жинауға және визаның бірден берілмеуі мүмкін екенін ескеруге мүмкіндік береді. Сонда демалыс артық уайымсыз өтеді. Меніңше, бәріміз осындай тәсілге біртіндеп үйренуіміз керек.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көріңіз.