Pegasus түрік лоукостері ұшағында жолаушылар арасында төбелес шығып, шұғыл қонды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Түркияның Erzurum әуежайында Pegasus Airlines әуе компаниясының ұшағы шұғыл қонуына Қазақстан мен Украина азаматтарының борттағы төбелесі себеп болған. Бұл туралы Report агенттігі түрік NTV телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
ТӨБЕЛЕС
Ақпаратқа сәйкес, төбелес Анталиядан Астанаға бағыт алған рейсте болған. Ұшақта украиналық ерлі-зайыптылар мен Қазақстан азаматшалары арасында жанжал туындап, оны бортсеріктер тоқтата алмаған.
- Жанжалға байланысты пилот 02:00-де Эрзурум әуежайына қонуға шешім қабылдады, деп хабарлады телеарна.
Жолаушылар полицияға жеткізілді. Ұшақ жерге қонғаннан кейін әуежайға полицейлер келіп, жанжалға қатысы бар төрт жолаушыны полиция бөлімшесіне алып кеткен.
Эрзурумда ұсталған жолаушылар бір-біріне қарсы арыз жазған. Алайда, жанжалдың нақты себебі белгісіз.
ҰШАҚ БІР САҒАТҚА КЕШІКТІ
Тексеру жұмыстары барысында төбелес шығарғандар ұшақтан түсіріліп, басқа жолаушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ұшақ Эрзурум әуежайында бір сағат аялдап, жанармай толтырғаннан кейін Астанаға бағыт алған. Бірнеше сағаттан кейін ұшақ Қазақстан астанасына сәтті қонды.