Қазақстанның бірнеше өңірінде тұрақтандыру қорларынан көкөністерді сату жоспарланған көлемнен айтарлықтай артта қалып отыр, бұл бағаның өсуіне әкелуде. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәселен, Абай облысында 2,8 мың тонна картоптың тек 17,3%-ы немесе 486 тоннасы ғана сатылған, бұл бағаның 24,2%-ға қымбаттауына себеп болды. Осындай жағдай кейбір өңірлерде сәбіз, қырыққабат және пиязға қатысты да байқалады.
Қаңтардың соңында картоп қоры, жеке қосалқы шаруашылықтардың қоймаларын есепке алмағанда, 327 мың тоннаны құрады. Ал 23 қаңтар мен 14 ақпан аралығында тұтыну көлемі 73,5 мың тоннадан аспаған. Қазіргі картоп қоры елдің қажеттілігін ерте пісетін өнім жиналғанға дейін толық қамтамасыз етуге жеткілікті.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тұрақтандыру қорларындағы қорларды шешіп, өңірлер мен мегаполистерде апта сайынғы жәрмеңкелерді қайта жандандыру қажеттігін атап өтті.
"Ақпан-наурыз айларында тұрақтандыру қорларындағы барлық өнімді сатып, сәуір айында жаңа піскен көкөністердің жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Бұл – маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының құбылуын реттеу үшін Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері мен өңірлер бірлесе отырып шешуі тиіс басты міндеттердің бірі", – деп қорытындылады Жұманғарин.