Шығыс Қазақстан облысы әкімінің тағайындау отырысына Зайсан ауданынан келіп қатыспақ болған үш мәслихат депутатын белгісіз адамдар ұстап, көлікпен қайтадан Зайсанға апарып тастаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттыққа сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙ
Олардың үшеуі де аудандық мәслихатқа бір мандатпен сайланған. Депутат Тілек Құрманғалиев әріптестері Асхат Смағұлов пен Берік Самарқановпен бірге жиынға қатыса алмай қалған.
Құрманғалиевтің айтуынша, үш депутатты Өскеменде үш жерден кеше таңертең Өскеменнен Зайсанға алып кеткен. Телефондарын тәркілеп алып, ешқайда қоңырау шалуға мүмкіндік бермеді деді ол. Өздері оларды облыстық полиция департаменті қызметкерлері деп топшылайды. Түске қарай оларды Зайсан аудандық полиция бөлімшесіне апарып жауап алған.
Тілек Құрманғалиев бұған аудан, қала әкімдігіне жиі сын айтып, жемқорлыққа қатысты сауал жасағандары себеп болуы мүмкін деді.
Азаттық Зайсан аудандық полиция бөлімінің бастығына қоңырау шалғанымен, тұтқаны көтермеді. Ал Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы мұндай оқиға болуы мүмкін емес деп, анықтайтынын айтты, кейін ресми хат жіберуді сұрады.
ШЫҒЫСТАҒЫ ЖАҢА ӘКІМ
Нұрымбет Сақтағанов бұдан былай Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарады. Ол өткен аптаға дейін өңірді басқарған Ермек Көшербаевтың бірінші орынбасары болған. Еңбек жолы мұғалімдіктен басталады. Көпбалалы әке. Кезінде Семейде әкім болған. 2021 жылдың ақпан айынан 2022 жылдың маусым айына дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі лауазымында еңбек етті. 2022 жылдың 24 маусымынан бастап осы уақытқа дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болды. 2023 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.