×
518.07
595.21
6.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.07
595.21
6.37

Солтүстіктегі қоймада шіріп жатқан сәбіз Алматыда 350 теңгеден сатылып жатыр - Боқаев

Солтүстіктегі қоймада шіріп жатқан сәбіз Алматыда 350 теңгеден сатылып жатыр - Боқаев
ЖИ / ulysmedia.kz

Қоғам белсендісі және саясаттанушы Санжар Боқаев Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі қателіктерді сынға алды. Оның айтуынша, елдің солтүстігінде тонна-тонна сәбіз қоймаларда шіріп жатса, Алматыда дәл сол өнімнің бағасы шарықтап тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӨНІМДЕР ШІРІП ЖАТЫР

Санжар Боқаевтың сөзіне қарағанда, бұл мәселенің түп-тамыры мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесе алмауында жатыр. Ол бұл жағдайды сынға алып, ауыл шаруашылығы, сауда және өнеркәсіп министрліктерін өз міндеттерін дұрыс атқармай отыр деп айыптады.

— Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарында сәбіз 50 теңгеге де өтпей, шіріп жатыр. Ал біз Алматыда дәл осы сәбізді 350 теңгеден сатып аламыз. Сауда министрлігі бұл мәселені шешіп, өнімді сұраныс бар аймақтарға жеткізіп, бағаны реттеуі керек еді. Бірақ бұл жұмыстың істелмегенін көріп отырмыз, — деді Боқаев.

АШМ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Санжар Боқаев министрліктердің жұмысындағы негізгі қателіктерге тоқталды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі егіс жұмыстарының көлемін дұрыс жоспарлай алмай отыр.

— Министр мырза, бұл ең алдымен сіздің кінәңіз. Біресе аз егіп, тапшылық жасайсыз, сосын баға өсіп, импортқа тәуелді болып қаламыз. Біресе тым көп егіп, артық өнімді сата алмай, қоймада шірітеміз. Осыдан екі-үш жыл бұрын картоп пен пияздың бағасы 500 теңгеге дейін жеткенін ұмытқан жоқпыз ғой, деп атап өтті саясаттанушы.

Ол министрлікке соңғы бес жылдағы статистиканы талдап, халық санының өсуін ескере отырып, өнім өндірудің оңтайлы көлемін есептеуді ұсынды.

САУДА МИНИСТРЛІГІ

Санжар Боқаев сауда министрі Арман Шаққалиевті де сынға алды. Оның айтуынша, сауда министрлігі ішкі нарықтағы өнімнің дамуын ұйымдастырып, экспортты жолға қоюы керек еді.

— Сауда министрлігі, бұл — сіздің тікелей міндетіңіз. Бүкіл ел бойынша сауда комитеттері мен облыстық басқармалар құрдыңыздар, бірақ өнімді нарыққа жеткізу мен қайта бөлу мәселесі әлі күнге шешілмей келеді. Неге бұл біздің шаруаларымыздың бас ауруы болуы керек? Бұл жұмысты сіздер атқаруларыңыз керек, деді ашынған саясаттанушы.

ӨНЕРКӘСІП МИНИСТРЛІГІ

Боқаев ауыл шаруашылық өнімдері де қажет деңгейде өндірілмейтінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда сәбізден жасалатын өнімдер — шырын, балалар тағамы секілді заттар мүлде өндірілмейді.

— Міне, қараңыздар, ресейлік өндірістің сәбіз шырыны, балалар тағамы — бәрі шетелдік өнім. Ал бізде жергілікті сәбізден жасалған бірде-бір дайын өнім жоқ. Бұл дегеніңіз жаңа жұмыс орындары, азық-түлік қауіпсіздігі және өнеркәсіпті дамыту мүмкіндігі. Осыған күш салу керек!, деп қынжылды белсенді.

ЗАУЫТТАР КЕРЕК

Ол Қазақстанда «қағаз жүзіндегі» зауыттар емес, нақты жұмыс істейтін өңдеу кәсіпорындарын құру қажет екенін айтты. Бұл шаралар ауыл шаруашылық өнімдерінің ысырабын азайтып, экономиканы әртараптандыруға және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Өнім артық болса — өңдеу зауыты оны қабылдап, шырынға, консервіге, балалар тағамына айналдыруы керек. Қарапайым логика бойынша солай болуы керек, бірақ біз осыны іске асыра алмай отырмыз, — деді Боқаев.

Серіктес жаңалықтары