Кешелі бері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары "салық төлемеген блогерлер" деген тізімді қызу талқылап кетті. Журналистер мәжіліс кулуарында сол тізім жөнінде депутат Дәулет Мұқаевтың (парламентке барғанға дейін блогер ретінде белгілі) пікірін сұрап білді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МҰҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Мәжілісте журналистер депутат Дәулет Мұқаевтан “блогерліңізді пайдаланып, осы уақытқа дейін қайырымдылыққа ақша жинадыңыз ба?” деп сұрақ қойған. Мұқаев “Дәулеттен” қоры заңды түрде ашылып, қаражат Халық банк және Каспий банк арқылы жиналғанын айтады.
Кез келген қайырымдылық танытам деген азамат солай аударым жасаса болады. Кейде таныстарым ауырып қалатын жағдайлар болады. Онкологиялық ауруларға шалдығып, Түркияда емін алып жатқандар бар. Ол кезде де мен ақша жинауға көмектесемін. Бірақ өзінің Каспий аударымдарымды қоямын. Мен ешқашан өз шотыма аударыңдар деген емеспін. 2018-2019 жылдардағы қайырымдылыққа жинағанда ондай болды. Ол кезде де барлық есебімді көрсетіп жүрдім, – дейді ол.
Қазір депутат ақылы пост жазбайтынын айтып, сұраққа “менде тегін” деп жауап берді.
Қазір тікелей айтайын: 2023 жылдың наурыз айынан бастап ешқандай ақылы жарнама алмаймын. Қазіргі қызметіме байланысты одан табыс табуға болмайды. Екіншіден, менің ұраным – байыса қазақ байысын деп жүрген адаммын. Бір қазақ кәсіп ашса, саудамен айналысса, неге оны қоллдамасқа? Ондай шараларды мен сторисімде, инстаграмымда болсын, тегін салып берем. Өйткені ол қолдау. Менің ұраным – әрекетке берекет. Бастысы мен “бір нәрсе жасап бастаңдар” деймін. Бастап жатқан қазақты неге қолдамасқа? – деді ол.
Депутат кезінде екі құрылыс компаниясын бартер ретінде жарнамалағанын, біреуіне алданып қалғанын айтты. Ал күні кеше блогерлерге жаппай салық туралы хабарлама келген кезде өз командасына хабарласып, салықшылардан ешқандай ескерте оларға келмегенін білген.
БЛОГЕРЛЕРГЕ САЛЫҚ
Блогер Әлішер Елікбаев желідегі парақшасында блогерлердің салық органдарынан хат алғанын жазған еді. Елікбаевтың сөзінше 14 ақпаннан бастап блогерлер, инфлюенсерлер, ақпараттық бизнес өкілдері, спортшылар және танымал адамдар жаппай салық органдарынан "валентинка" ала бастаған. Айтуларынша, алғашқы толқында 8 000 адамға хабарлама жіберілген.
Көп өтпей журналист Михаил Козачков “салық төлемеген” блогерлер деген мағынада бір топ белгілі азаматтардың тізімін жариялады. Суреттегі тізімде Қазақстандағы блогерлердің біразы бар. Бұл қатарда 2 миллиард теңгеден астам соммамен Бейбіт Әлібеков көш бастап тұр. Одан бөлек Баян Алагөзова, Ерке Есмахан, Алтынай Жорабаева, Тоқтар Серіков есімді шоу бизнес өкілдері де бар.
Бұған дейін салық төлемегендердің тізімінде жүрген танымал азаматтардың пікірін жинап, оқырманға ұсынған едік.