Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Темір ауданының Қопа ауылында мектеп оқушысының абайсызда өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру фактісі бойынша қылмыстық іс жолданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ТУРАЛЫ
Бұл туралы Ақтөбе облысының прокуратурасы мәлімдеді.
“Тергеу барысында 6 кәмелетке толмаған күдікті қамауға алынды. Олардың біреуі ҚК 106-бабының 3-бөлігімен (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) бойынша сотқа берілді, ал қалған бесеуі ҚК 293-бабының 2-бөлігі (Бұзақылық) және 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасауды ұйымдастырғаны (Қылмысты ұйымдастыру, ҚР ҚК 28-бабы 3-бөлігі) үшін жауапқа тартылуда. Сотта мемлекеттік айыптауды процесс прокуроры қолдайды.”-деп жазды облыстық прокуратура.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Оқиға 2024 жылдың 2 қыркүйек күні Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында болған. Сол тұста Нұржанның әпкесі күдіктілер жауапкершіліктен сытылып кетуі мүмкін деп алаңдап, БАҚ-қа шыққан еді. Әпкесінің айтуынша, оқиға орнында Нұржанды қосқанда 19 адам болған. 11-ші сынып оқушылары төменгі сыныпта оқитын балаларды жинап, өздерінше тәртіпке салмақ болған. «Інім сол әрекеттен қайтыс болды» дейді Аяжан.
Оны 15-ке жуық оқушы жабылып сабаған. Бір сағат бойы аяусыз ұрып-соққан. Кейін барлығы оқиға орнынан ізін суытқан. Інім айдалада жалғыз қалып, азаптан өлді. Мұрны мен құлағынан көп қан кеткен. Өмірлік маңызды органдарына соққы тікелей әсер етті, – деген еді былтыр марқұмның туыстары.
Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Нұржан Сыдықтың өлімі бойынша тергеуді жеке бақылауға алынғанын хабарлаған еді. “Үлкен балалар кішкентайларға сабақ береміз деп, бір-біріне ұрғызған” деген еді сол тұста бас прокурор. Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан бұл факт бойынша тергеу жүріп жатқанын жеткізген болатын.
Кейін марқұмның әпкесі Аяжан редакциямызға хабарласып тергеуге наразы екенін жеткізген еді.