×
501.28
526.19
5.86
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
501.28
526.19
5.86

Энергетика министрлігі АЭС салуы мүмкін шетелдік компаниялар тізімін көрсетті

Энергетика министрлігі АЭС салуы мүмкін шетелдік компаниялар тізімін көрсетті
ЖИ / ulysmedia.kz

Ведомствоаралық комиссия Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ

25 ақпанда Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту жөніндегі Ведомствоаралық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде елдегі алғашқы атом электр станциясына (АЭС) арналған реакторлық технологияларды ұсынатын әлеуетті жеткізушілердің ұсыныстарын қарастыру мәселесі болды.

Комиссия құрамына Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, сондай-ақ атом және энергетика саласының мамандары кіреді.

КОМПАНИЯЛАР

Ведомствоаралық комиссия әлемнің жетекші компаниялары ұсынған реакторлық технологияларды зерттеп жатыр. Бұған дейін «шорт-листке» енген компанияларға технологиялық шешімдер, қауіпсіздік жүйелері, қаржыландыру шарттары және экологиялық аспектілер бойынша нақты сұрақтар жолданған болатын.

Қазіргі уақытта әлеуетті жеткізушілер ретінде келесі компаниялар қарастырылып отыр: CNNC (Қытай, HPR-1000 реакторы), «Росатом» мемлекеттік корпорациясы (Ресей, ВВЭР-1200 реакторы), KHNP (Оңтүстік Корея, APR-1000 және APR-1400 реакторлары), EDF (Франция, EPR1200 реакторы).

Энергетика министрлігі реактор жеткізушілерінің ұсыныстарын жан-жақты және егжей-тегжейлі талдау жұмыстары жалғасатынын, Қазақстанның мүддесі мен барлық факторларды ескере отырып, түпкілікті шешім қабылданатын болатынын атап өтті. 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЭС

Оның алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Жобалық кеңсенің қызметімен танысу барысында атом энергетикасын дамыту перспективасына да тоқталып, Қазақстандағы АЭС саны үшеу болуы да мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Ал «Атом улаған дала» кітабының авторы, саясаттану ғылымдарының докторы, ядролық қауіпсіздік жөніндегі маман, Олбани университетінің (SUNY-Albany) Саяси зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Тоғжан Қасенова Қазақстанның АЭС салуда «Росатомды» серіктес ретінде таңдаса – қазіргі уақыт ең қолайсыз кезең деп есептейді. Бұл пікірді ол Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұқбатында айтты.